378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соңғы 5 жылда Ақтөбедегі аналар үйінде 145 сәби дүниеге келген

  • 78
  • UPD: 12:47, 29.04.2019

Қазір мұнда 7 қыз-келіншек тұрып жатыр. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жас аналар осы жерден қолдау тапты.

Бұл үйді «дағдарыс орталығы» деп те атайды. Психолог мамандар кеңес беріп, заңгерлер құжат дайындауда көмектеседі. 

Кішкентай Русланды анасы перзентханадан бірден осында әкелген. Анасымен тағдырлас әйелдердің, өзіндей сәбилердің ортасында тұрып жатыр. Анасы Галина балалар үйінде тәрбиеленген. Жүкті екенін білгенде баладан құтылғысы келгенін айтады. Алайда қамқор жандардың көмегімен Русланды дүниеге әкелген.

Галина Приходько, Аналар үйінің тұрғыны:

- Бірнеше курс бітіріп, тәжірибе жинадым. Болашақта шағын бизнес ашуды жоспарлап отырмын. Үлкен отбасым болғанын қалаймын. Қиын кезде қолдау көрсеткен жандарға алғысым шексіз.

Галинаның алдағы мақсаты - баласын аяқтан тұрғызып, жұмысқа орналасу. Өзі бос отырмай осы орталықтағы бірнеше курсты тәмамдаған. Мұнда тұрып жатқан қыз-келіншектердің қай-қайсы да өмір тауқыметін ерте тартқандар. Көбінің баратын жері жоқ,  жетім өскендер. Айтатын әңгімелері де ұқсас, «алданып, опық жедік» дейді. Психолог маман жиі келіп, тренинг өткізіп тұрады.

5 жыл бұрын ашылған орталықта 145 қыз-келіншек тұрған. Үй тұрғындары таршылық көріп отырған жоқ. Демеушілер мен арнайы қор барлық жағынан қамтамасыз етеді.

Таңсұлу Лақова, «Аналар үйі» жобасының үйлестірушісі:

- Мақсатымыз-сәбилерін өздерінің жанында қалдыру. Сәбилерінен бас тартпай аналарының қасында қалса, екінші мақсатымыз оларды күйзелістен шығарып, депрессия дейді ғой. Бізге жүктіліктің соңғы кезеңінде күйзеліске ұшырып келген аналар біздің психолог маманның көмегімен күйзелістен шығады.

5 жылда 63 тұрғын тұрмыс құрып, өз бақытын тапқан. 68 әйел тұрақты жұмысқа орналасқан. Көбі түрлі курстарды оқыған. Балалар үйінде тәрбиеленген 6 қыз мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбек Дәуітов

Хабар 24 телеарнасы