378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында үш бидің ескерткіші ашылды

  • 259
  • UPD: 23:41, 29.04.2019

Ұлы даланың даналары атанған қазақтың үш биіне еңселі ескерткіш ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазыбек, Төле, Әйтеке билерге арналған тас мүсіндер Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы «Бабалар рухына тағзым» кешенінде бой көтерді. Үш бидің ескерткіші Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы саябаққа орнатылды. «Қазақта би көп болғанымен, бүкіл халық осы үш биді мойындаған. Сондықтан бұл игі іс елдігіміз бен бірлігімізді айқындап тұрады деп сенемін»,- дейді осы бастамаға мұрындық болған қоғамдық қор төрағасы Бекет Тұрғараев. Ол бұл жұмысқа қор есебінен шамамен 100 млн теңге қаржы жұмсалғанын айтады. Бұл ескерткіш Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерейтойына орай ашылып отыр. «Сондықтан тарих қойнауындағы атақты билердің есімін қайта жаңғыртып, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі ету – үлкен тәрбие», – дейді ел ағалары.

Айта кетейік, салтанатты шараға аймақ басшысы, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Самат Өтениязов, тарих ғылымдарының кандидаты, Мадрид университетінің профессоры:

- Дүние жүзіндегі, адамзат тарихындағы ең әділ сот қазақтың билер соты болған. Оны кезінде Салық Зиманов та айтты, оған дейінгі ғалымдар да айтты. Билер институты дегеніміз – қазақтың мемлекеттілігі. Халықтың барлығының қатысуымен болған нағыз демократиялық мемлекетті Еуразияда тек қазақ билері ғана құрған.

Бекет Тұрғараев, кәсіпкер:

- Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп атады. Сондықтан біздің жастарымыз, ұрпақтарымыз өткен ұлы бабалырымыздың жасаған тірлігін мәңгілік есте сақтауы керек екенін біліп өссін деген ниетпен осы жерге орналастырып отырмыз. Келген адамдар тарихын оқиды, біледі, көреді.

Хабар 24 телеарнасы