379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу қажет

  • 131
  • UPD: 23:39, 29.04.2019

Қарағанды облысындағы шағын қала Абайда шатырының тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет қажет етіп тұрған үйлер көп.

Жауын жауса, төбеден сорғалаған су тұрғындарды әбден мезі еткен, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ал жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат керек. Ортадан ақша жиып, өз беттерімен шатырды қалпына келтіруге тұрғындардың қалтасы көтермейді.

Қазір біз шатыры шұрық тесік бесқабатты үйдің соңғы қабатындағы пәтерде тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, пәтердің төбесі көгеріп кеткен. «Жаңбырлы күндері үйге кіру мүмкін емес», – дейді тұрғындар. Ал пәтердің қожайыны болса аллергиялық аурумен есепте тұр, мұндай баспанада тұру оның денсаулығына аса қауіпті.

Татьяна Медоваяның жаңбыр жауған күні ұйқысы қашады. Ол шатырдан аққан суды шелектеп төгуден басқа амалы қалмайтынын айтады. Үй жиһаздары бір бұрышта жинаулы тұр. Ал пәтердің төбесі дымқыл тартып, көгеріп кеткен. Шатырды күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттен өсімсіз несие берілетінін білген тұрғын енді көршілерінің келісімін ала алмай отыр.

Татьяна Медовая, Абай қаласының тұрғыны:

- Көрген күніміз осы. Әкімшілікке барсақ: «көршілеріңмен сөйлесіңдер» дейді, көршілерге келсек, есіктерін тарс жауып алады. Көпшілік ақша тапсырудан бас тартып отыр. Кейбірінің ақшасы жоқ, тағы біреуі менің шатырымнан су ағып тұрған жоқ дегенді айтады. Осы күнге дейін жамап келдік, ол ұзақ уақытқа жетпейді. Сондықтан шатырды толық жөндеу қажет.

Баспананың шатырын жөндеуге 30 млн теңге қаражат қажет. Тұрғындар  тұрғын үй қорына өтініш берсе, орталық мамандары жоба мен сметаны жасап, шатырды жөндейтін мекемені табады. Жөндеу жұмыстарына алынған несиені тұрғындары 7-ден 15 жылға дейін төлей алады. 

Дидар Қабаев, Абай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұл жүйе кәдімгі несие сияқты. Тұрғын үй алаңы саналып, әр тұрғынға теңдей бөлінеді. Ай сайынғы төлемақы келісімшартта белгіленеді. Заң бойынша баспананың шатыры кондоминиумнің меншігінде болғандықтан, баспана шатырын жөндеу барысына оның әр тұрғыны атсалысуы керек.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін несиені алу үшін тұрғындардың 70 процентінің келісімі жеткілікті. Ал шатырды жөндеу жұмыстарына қатысым жоқ деп ат-тонын ала қашқан тұрғындар бұл соманы сот тәртібімен төлейді. 

Авторлары: Айнұр Әбдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы