378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда субұрқақтар маусымы ашылды

  • 186
  • UPD: 23:37, 29.04.2019

Игі шара облыс орталығында осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Яғни бір күнде шаһардағы барлық субұрқақтар іске қосылып, тұрғындар таң-тамаша көріністің куәсі болды.

Түрлі түске боялып, әсем ән ырғағымен су шашатын фонтандар қаланың ажарын ашып, сәулетіне сән кіргізген. Аптап ыстықта саялайтын  субұрқақтардың іске қосылуына тұрғындар көптеп жиналды. Олар естелік суретке түсіп, классикалық музыка тыңдап, ерекше әсерге бөленді. 

Соңғы төрт жылда Талдықорғандағы фонтандардың барлығы күрделі жөндеуден өткізілген. Арнайы диодтық шамдар орнатылып, заманауи технологиямен безендірілді. Субұрқақтардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігіне сай боялып, мән-мағынасы айшықтала түскен. Мәселен, төрт қошқар төрт құбыласын бүтіндеп, ырыс несібесі толған тайқазанды көтеріп тұр деген мағынаны білдіреді. Бұл нысандар енді қала тұрғындарына қара күзге дейін қызмет етпек. 

Ғалымжан Әбдірайымов, қала әкімі:

- Бүгінгі шараға 15 мың халық жиналып отыр. Мұны халық үшін дәстүрге айналдырғымыз келіп отыр. Талдықорғанда басқа да ғимараттар ашылып жатыр. Биыл да сондай игі істер көп болады.

Думанды шара барысында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония өнерпаздары өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік кеш сыйлады. Отандық эстрада жұлдыздары да Жетісу төрін әсем әнге бөледі. 3D форматындағы шоу ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы