378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыруда не жасалып жатыр?

  • 128
ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыруда не жасалып жатыр?

Шығыс Қазақстан облысында 56 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар үшін кедергісіз орта қалыптастыру аса маңызды. Бұл тұрғыда қордаланып қалған мәселе де жетерлік. Мысалы арнайы комиссия жүргізген сараптамаға сай аймақта мүмкіндігі шектеулі жандар жиі қатынайтын 2600-ден астам ғимарат анықталған. Олардың арасында ауруханалар, спорт орталықтары, дүкендер мен дәріханалар бар. Өткен жылы сол мекемелерді пандуспен және жедел сатымен қамтамасыз ету үшін 200 миллион теңге бөлінген екен. Ал биыл инклюзивті білім беру шеңберіндегі мектептерді арнайы қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін 272 миллион теңге қарастырылған. Алайда мүгедектердің мәселесі мұнымен толық шешілген жоқ.

Дина Байбудинова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі күні бізде 1476 әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылым нысаны мүмкіндігі шектеулі жандардың қолданысына ыңғайланып салынған. Биыл және келесі жылға тағы 600-ге жуық құрылыста осы жайт ескеріледі. Сонымен қатар бұл жұмыстардың сапасын қадағалау мақсатында қоғамдық бақылау да жүргізіледі.

Анна Мазаева, 1-топ мүгедегі:

– Ең басты мәселе, орталықтарды қолжетімді жағдайға жеткізіп, кешенді түрде жабдықтау жағы ақсап тұр. Мәселен үйден шығу, жаяу жүргіншілер жолағынан өту сияқты жолдардың барлығы кедергісіз болуы керек. Мен арбамен жүріп, жол жиегіндегі тастардан қалай өтемін. Сондықтан тек жеке дара ғимараттармен ғана тоқталмай, кешенді қолжетімді орта ұйымдастырылуы керек.

Хабар 24 телеарнасы