379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шалғай аудан тұрғындары мамандандырылған пойыздарда тегін медициналық көмек ала алады

  • 162
  • UPD: 13:29, 30.04.2019
Шалғай аудан тұрғындары мамандандырылған пойыздарда тегін медициналық көмек ала алады

Қазақстанның шалғай аудандарын тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ететін медициналық пойыз өз жұмысын бастады.

Жобаны «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ көмегімен «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.

Биылғы жылы медициналық пойыз өз жұмысын Алматы қаласынан бастайды және Қазақстанның барлық аймақтарына барады. «Samruk-Kazyna Trust» қорының Бас директоры Диас Әзбергенов пойыздың жұмыс кестесі және жобаның мерзімі жайлы атап өтті.

«Биылғы жылы біз баратын облыстардың санын арттырдық. Пойыз 14 облысты аралай отырып, 21 желтоқсанға дейін жолда болады. Медициналық пойыз кестесіне сәйкес бірінші болып Алматы облысының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіледі. Осы өңірден соң пойыз Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бағыт алады. Бұдан әрі «Денсаулық» пойызының батыс өңірлерге алған бағыты оңтүстікте жалғасады да, Жамбыл облысында өз бағдарын аяқтайды. Жалпы алғанда пойыз 195 бекетті айналып өтеді, ал жалпы жүріп өту қашықтығы 19 000 км-ден асады», – Диас Әзбергенов атап өтті.

Медициналық пойыздар еліміздің шалғай елді мекендерінің және жақын ауылдардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді. Аталмыш жоба еліміздің шалғайдағы барлық тұрғындарын тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етеді.

Пойыз неміс және жапон өндірісіндегі жетекші фирмалардың заманауи диагностикалық жабдықтарымен жабдықталған. Жабдықтар келушілерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық анализдер, рентгенография және флюрографияны, ішкі ағзалар мен тамырларды УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмманы, гастрофиброскопияны және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Пойыздардың жүру кестесі www.medpoezd.kz және  www.sk-trust.kz/ru сайттарында бар.

Айта кеткен жөн, медициналық бригадалардың құрамында терапевттер, тіс дәрігерлері, окулистер, маммологтар және басқа да мамандар бар. Жоба жұмысы барысында кезекпен 10 медициналық бригада іске қосылды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар департаменті

Хабар 24 телеарнасы