378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында 60 отбасы баспаналы болды

  • 146
  • UPD: 07:38, 01.05.2019

Қаратау қаласындағы тоқырау жылдары қаңырап бос қалған көпқабатты үйлер жөндеуден өткізіліп, пәтер кезегіндегі тұрғындарға берілді.

Бірінші кезекте көп балалы аналар,  әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қамтылды.

Қаратаулықтардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе көп балалы аналар қобалжып жүр. «Пәтер беріледі» дегенді естіп, кілт тапсыру рәсіміне 2-3 сағат бұрын келіп алған. Шаттықтан шалқығандардың бірі – Эльмира Ақжанова. Көп балалы ана ұзақ жылдан бері тар пәтерді жалдап, туған-туыстарының үйлерін жағалап күнелтіп келген.

Эльмира Ақжанова, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Тосынсый деп айтайын. Қуаныштымын. Сөзбен жеткізе алмай тұрмын. Қалай айтсам екен. Толқып тұрмын. Төрт бөлме деген бізге керемет. Әр баламыздың өз бөлмесі болады. Қонақ бөлмеміз болады. Қуаныштымын. Аллаға шүкір, рақметімді айтамын.

Эльмира сияқты 17 ана баспаналы болды. Сонымен қатар 15 толық емес, асырушысы жоқ отбасылар мен бюджеттік мекемелердің 20 қызметкері де қоныс тойын тойлады. Арендалық тұрғын үйлер «Қолжетімді баспана» жобасы аясында беріліп отыр. Жалпы, шағын шаһарда өткен жылдан бері 27 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Серік Дадабаев, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

- Жөндеуге жататын 11 көпқабатты үй бар. Биылғы жылы осындай үйлердің ішінде 2 көпқабатты тұрғын үйге жобалық-сметалық құжаттамалар жасалынып, арендалық тұрғын үй ретінде беру үшін бюджеттік өтініш берілді. Сонымен қатар 1 көпқабатты үйге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. 

Биыл Қаратау қаласы бойынша тіркелген 143 пәтерге мұқтаж көп  балалы отбасы толықтай баспанамен қамтылады. Ол үшін қалада екі жатақхана қайта жөндеуден өткізіліп, қазан айында пайдалануға берілмек. Ал жалпы қалада 1500-ге жуық адам үй кезегінде тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан

Хабар 24 телеарнасы