378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды

  • 108
  • UPD: 07:38, 01.05.2019

Алматыда тұрмысы төмен мыңға жуық отбасы Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы бойынша алғашқы жәрдемақыға ие болды.

Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жетекшілерінің айтуынша, 1 сәуірден бастап осы күнге дейін 4 мыңға жуық адам өтініш тапсырған. Соның ішінде 3 мыңға жуығы бағдарламаның талаптарына сай келіп отыр.

37 жастағы Әсия Қазиева – 10 баланың анасы. Байлығы – балалары. Кенжесі бір жастан енді асқандықтан әзірге үйде отыр. Бала-шағаның ас-суына отағасы жауапты. Дегенмен оның табысы кең-молынан жетпейді. «Сондықтан үнемдеп жұмасауға тұра келеді», – дейді Әсия.

Әсия Қазиева, көп балалы ана:

- Қыстан бері коммуналдық төлемге біраз қарыз болып қалдық. Осындай бағдарламаның қабылданғанына қуаныштымыз. Бұл біз секілді отбасыларға көп көмек болғалы тұр.

Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша 923 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленген. Төленген соманың мөлшері 89 млн теңгенің шамасында.

Сайран Сайфеденов, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірінші траншты бөлген кезде бір отбасыға 97 мыңға келіп отыр. Әрбір отбасы бөлек. Біреулерінің бір баласы бар, біреулердің жеті баласы бар. Бала саны көп кездерде бұл сома өте көп болады. Енді 4 баласы болатын болса, қазіргі таңда 80 мың теңге, өздеріне, ата-аналарына төлейтін болатын болса, 100 мыңға жуық қаражат алатын болады. 

Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ең алдымен бағдарламаның талаптарына сай келу керек. Біздің кейіпкеріміз Әсия Қазиева енді әр баласына 21 172 теңгеден жәрдемақы алатын болды. Отбасылық кеңес бұл ақшаның қайда жұмсалатынын да шешіп қойған екен.

Әсия Қазиева, көп балалы ана:

- Жақында қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Наурызбай ауданынан пәтер алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Енді осы қаражатқа баспанамызды жөндеп алсақ деген жоспарымыз бар.

Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған, көп балалы және табысы төмен отбасына берілетін ақшалай төлем. Өтініштер әлі де қабылданып жатыр. Құжаттарды қарастыруды тездету үшін әлеуметтік әл-ауқат басқармасының аудандық бөлімшелері таңғы 08:30-дан кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеуде. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Индира Оразалинова, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы