379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін дәріптеп жүр

  • 209
  • UPD: 13:55, 07.05.2019

Береке-бірлігі жарасқан елімізде әрбір ұлттың мәдениеті мен әдебиетін дамытуға бар жағдай жасалған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өзге ұлт өкілдері бүгінде қазақтың салт-дәстүрін ғана емес, тілін де дәріптеп жүр. Олар береке-бірлікті рухани байлық санайды.

Анастасия Тарасованың қазақ тіліне деген қызығушылығы ерек. Сабақтан тыс уақытта әдеби кітаптар оқып, тілін жаттықтырады. «Достарыммен тек қазақша тілдесемін», – дейді. Ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа оқиды.

Анастасия Тарасова, оқушы:

- Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Македония шаһары болған мекен,

Филип патша баласы еркін еді.

Мақтан сүйгіш қызғаншақ адам екен...

Бұлар – Анастасияның сыныптастары. Бала болса да ынтымақтың мағынасын жүрегімен түсінеді. «Бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай» бауырмал екені көрініп-ақ тұр.

Ақпыз, сары, қарамыз. «Ағайынбыз бәріміз» деген нақыл бар еді ғой. Сол сөз дәл осы сыныпқа арналғандай. Мұнда көп ұлт өкілдерінің балалары оқиды. Балалар бір-бірмен тату-тәтті. Олар «ұлысқа, ұлтқа бөлінбейміз» дейді.

Олардың «жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір». Мұны біз осы балалармен тілдесу барысында аңғардық. «Қазақ әдебиеті сабағында бірі өлең оқыса, енді бірі қазақша ән айтып жарысады», – дейді ұстаздары.

Медет Жақсылықұлы, сынып жетекшісі:

- Ата-аналар маған өз ұсыныстарымен келді. Біздің балаларымызға қазақша үйретіңізші деп. Корей, украин, орыс ұлттарының өкілдері, менің балама көмектесіңізші, өйткені менің баламның болашағы қазақ тілінде деп, балам патриот болсын деп келді. 

Иә, әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен тілге деген құрмет осылай қалыптасса керек. Еліміздегі түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығы бүгінде көпке аян. Қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімділік – Қазақстанның маңызды байлығы.

Икрам Хашимжанов, Шымкент қалалық өзбек драма театрының директоры:

- Біз 27 жыл көлемінде ұлтаралық татулықтың қазақстандық моделін қалыптастырдық. Татулық пен келісім формуласы тең бірлік, достық, ынтымаққа. Әлеуметтік жаңғыру. Осының аясында бізді татулыққа, келісімге де алып келеді.

Еліміздегі түрлі  ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақстанды ортақ шаңырағы санайды. Халқымыз ынтымағы мен ырысын, бірлігі мен берекесін айрандай ұйытып отыр. Көптің тілегі де сол – татулық.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы