378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісуда қазақ пен шешен ұлтының өкілдері жақын туысындай араласады

  • 131
  • UPD: 09:37, 01.05.2019

Алматы облысының Алакөл ауданында тұратын Рысбек Себепов пен Сулейман Абдурахмановтар арасында ерекше сыйластық орнаған.

Қазақ және шешен ұлты өкілдерінің үлкендері ғана емес, балалары да жақын туысындай араласады. Тату-тірлікте, ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатқан отбасы әрбір мерекеде бір-бірін құттықтауды өзіндік дәстүрге айналдырған.

Қос отбасы Қазақстан ауылында 40 жыл көрші тұрған. Кейіннен шешен ұлтының өкілдері Үшаралға көшіп кеткенімен, олардың ара қатынасы үзілген жоқ. Әрбір туған күн, мейрамдарда бір-біріннің үйіне арнайы ат басын бұрады. Осы жолғы мереке қарсаңында да Сүлейман ақсақал Рысбек досын құттықтай келді.   

Сулейман Абдурахманов, Алакөл ауданының тұрғыны:

- Бір отбасы болып кеткенбіз. Бір-біріміздің үйімізге барып-келіп жүре береміз.

Рысбек қария қадірлі қонағына барынша құрмет көрсетті. Қазақы салт-дәстүрге сай ақ дастархан жайып, тарту-таралғыларын жасады. Емен-жарқын әңгімеден кейін Себеповтар отбасы Әбдірахмановтардың үйіне барды. Ұлын үйлендіріп, келін түсірген әулетті қуанышымен құттықтады.    

Рысбек Себепов, Алакөл ауданының тұрғыны:

- Ел іргесінің амандығын сақтаймыз, ағайын-туыс болып кеткенбіз. Өзге ұлттардың береке-бірлікте жүруі үшін үлкендердің үлгісін көрсетіп, тату-тәтті өмір сүріп жүрулеріне тілектеспіз. Жасымыздан әке-шешеміздің тәрбиесін ұрпақтарға беріп жатырмыз.

Қос отбасының балалары да тай-құлындай тебісіп қатар өскен. Сондықтан әулеттің үлкендері ғана емес, жастары өзара сыйласып тұрады. Енді қариялар немерелерін де бір-бірімен етене жақын таныстырып, достастырмақ ниетте.   

Хабар 24 телеарнасы