378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде өзге этнос өкілдерінің үлесі 4 пайызға шамалас

  • 98
  • UPD: 13:54, 07.05.2019

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде барлық этностардың ауызбіршілікте өмір сүріп, қоғамдық келісімнің нығаюына ықпал ететін түрлі шаралар ұйымдастыруы үрдіске айналған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соның бірі – шешен этномәдени орталығы.

Шешен ұлтының өкілі Харон Исаевтың ата-бабасы Сыр еліне 1944 жылы күшпен жер аударылған. Онсыз да сұрапыл жылдары жүдеу отырған қазақ халқы кең пейілі мен мейірімділігінен айнымай, талай ұлтты жойылып кетуден сақтап қалды.

Харон Исаев, қала тұрғыны:

- Қазақ халқы солақай жүйенің ауыр талаптарына қарамастан, бір үзім нанымен бөлісіп, жетім-жесірге пана болды. Біздің ата-бабамыз осы Қызылорда өңірінде ұрпағын жалғастырды. Биыл Солтүстік Кавказ халқының қазақ еліне жер аударылғанына 75 жыл толып отыр.

Харон Исаев бала күнінде ұшқыш та, дәрігер де болғысы келген. Кейін жергілікті телеарнада дыбыс режиссері қызметін атқарады. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар оның бизнеске бағыт алуына себеп болыпты. «Бүгінде түрлі этнос өкілдерінің бір үйдің баласындай ұйысуына негіз болған қазақ елінің дамуы жолында тер төгу – менің басты парызым», – дейді ол.

Харон Исаев, қала тұрғыны:

- Елдегі татулық пен тұрақтылықтың арқасында экономикалық дамудың да екпіні жақсы. Тілегі мен жүрегі бір барша ұлт өкілдері тәуелсіздігіміздің баянды болғанын қалайды. Ал оған үлес қосу әрқайсысымыздың парызымыз.

Бүгінде Қызылорда облысында өзге этнос өкілдерінің үлесі 4 пайызды құрайды. Облыс көлемінде 11 этномәдени бірлестік бар. Облыстық ассамблеяның бастамасымен көпэтносты мектептерде толеранттылық клубтары жұмыс істеуде.

Юсуп Саидов, облыстық шешен этномәдени орталығының мүшесі:

- Қандай мерекелер болып жатыр, мемлекеттік мерекелер, облыста болатын мерекелер болсын барлығына қатысамыз, дәстүр, би болсын, тамағы болсын халыққа көрсетіп, халықты таныстырып, бесік тойы, тұсаукесер, сүндет той, құда шақыру – бәрі бірдей. 

Өңірде барлық этностардың ауызбіршілікте өмір сүріп, қоғамдық келісімнің нығаюына ықпал ететін түрлі шаралар ұйымдастыру үрдіске айналған. Мұның өзі тәуелсіздіктің тұғырын нықтай түсу үшін маңызды. Ал ынтымақтың ырысқа бастайтыны сөзсіз.  

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы