379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстандағы қандастарымыз Қазақстан халқын мерекемен құттықтады

  • 113
  • UPD: 10:21, 01.05.2019

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Өзбекстандағы этнос өкілдері де ыстық ықыласын жолдады.

«Ата жұрттағы әрбір жаңалықты қалт жібермей қарап отыратын қандастарымыз бұл мерекенің орны бөлек», – дейді. Өйткені өзгені жатсынбай, бауырына басқан Алаш жұрты Ұлы дала елін бірлігі жарасқан құт мекенге айналдырды. «Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтаралық татулықтың алтын діңгегі», – дейді оңтүстіктегі көршілеріміз.

Отан отбасыдан басталады. Өзбекстандықтар үшін Шамахмудовтар әулетінің орны бөлек. Өйткені темір ұстасы кешегі соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңде 15 жетімекті баурына басты. Сөйтіп бір шаңырақ астын ынтымақ пен бірліктің мекеніне айналдырды. Қазір бұл әулет бүкіл өзбек жұртының татулық символына айналған.

Бір жанұя асырап алған балардың ұлты да, ділі де әртүрлі болатын. Дегенмен Шаахмед ата мен Бахри апай оларды жатсынбай, бауырына басты, жарты нанды бөліп жеді. Барлығы бір шаңырақ астында өсті, елі үшін аянбай еңбек етті. «Бір әулеттің осындай еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге», – дейді ғалым.

Юлдаш Жураев ,заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Халықтар достығы, ауызбіршілік. Уақыт келгенде бір-біріне қол ұшын созу, бір-бірін қолдап-қуаттау қазіргі заманда да жалғасып келеді. Біз соған көбірек көңіл бөліп, жастарды бауырмалдыққа баулуымыз қажет. Мен осы сәтті пайдаланып Қазақстан халқын 1 мамыр күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл халық алдына қойған үлкен мақсаттарға жетіп, тыныштық, амандық жолында, мемлекетті бұдан да мықты қылу жолында табыстар тілеймін.

Өзбекстанда жалпы 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Қырыққа жуық мәдени орталық жұмыс істейді. Бір ғана қазақ мәдени орталығының өңірлерде 10 бөлімшесі бар. Этнос өкілдеріне өз тілі мен ділін сақтап қалуға барлық жағдай жасалған. Қазақ мектептерінде қос елдің ақын-жазушылары қатар дәріптеледі. Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан жұртының арасында ешқашан көңілге кірбің түсетіндей жағдай болған емес. «Бұның барлығы қос елдегі халықтың ауыз бірлігінің арқасы», – дейді өзбекстандықтар.

Серікбай Үсенов, қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Тілді жоғалтпасақ, ұлтты жоғалтпаймыз. Әрбір ұлт сол үшін әрекет жасап жатыр. Салт-дәстүрін естен шығармастан жастарымызға жеткізуіміз керек. Келешек жастар болғаннан кейін мұның маңызын, мұның мәдениетін үйретуіміз керек. Шын көңілден Бірлік күнімен құттықтаймын.

Ата жұртындағы әрбір жаңалықты қалт жібермей қарап отыратын қандастарымыз: «Қазақстан халқы Ассамблеясының орны бөлек», – дейді. Өйткені ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіріп қана қоймай, оларды бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырды. Соның арқасында елде ұлттық құндылықтар сақталып, жастардың сапалы білім алып, жаңа әлемдегі жаңа қазақстандықтар болып қалыптасуына мүмкіндік берді. Ол сонысымен де құнды.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы