379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да машина жасау көлемі 15%-ке құлдилады

  • 127
  • UPD: 10:18, 01.05.2019

Экономистер мұны бірінші кезекте теміржол мен мұнай саласындағы регреспен байланыстырып отыр.

Солтүстік Қазақстанда машина жасау көлемі 15 процентке құлдилапты. Қарқынның бәсеңдеуі бірінші кезекте теміржол мен мұнай саласында байқалады, деп жазады «Курсив» порталы. Өткен жылдың соңында өңірдегі ірі кәсіпорындар кешенді даму жоспарына қатыстырылып, олардың жұмысын жаңғыртуға 6 млрд 700 млн теңге бөлінген болатын. Мемлекеттік бюджет қаржысы кезең-кезеңмен беріліп жатқанымен, салалық дағдарыстың жуық арада аяқталар түрі жоқ. Машина жасау саласындағы жалпы өнімнің 20 проценті тиесілі 12 кәсіпорынның үшеуі былтыр өндіріс көлемін 3-тен бір есеге немесе 15 млрд 600 млн теңгеге қысқартқан. Сол кезде жергілікті индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, «Петропавл Ауыр Машина жасау» зауыты өндіріс қарқынын 53 процентке түсірді. Бұл 1 млрд 700 млн теңгеге тең қаржы. 2017 жылы мұнай-газ ұңғымаларына арналған 30 құрылғы шығарылса, өткен жылы небәрі 14 өнім тапсырылған. Ал ЗИКСТО зауытында былтыр Ресейден қосалқы бөлшектер жеткізу бойынша мәселелер туындаған. Сондай-ақ жылдың бірінші тоқсанында химиялық өнеркәсіпте де регресс байқалып отыр. Өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда өндіріс көлемі 6,5 процентке кеміген. Ал жеңіл өнеркәсіп, сусын өндіру мөлшері, керісінше, 2,5 есе артқан. Жиһаз жасауда 26,7 проценттік, ал азық-түлік өндірісінде 15 проценттік өсім бар.

Бейнеу-Ақжігіт тасжолы биыл тапсырылады

Маңғыстау облысындағы Бейнеу-Ақжігіт автожолы биыл пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі. Ведомство деректеріне сай, 85 шақырымдық жолды жаңғырту жобасы аясында асфальт жабындысын 2-санаттағы техникалық талапқа сәйкестендіріп, екі жолақты жолға кеңейту көзделген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша учаскенің 60 шақырымында қозғалыс ашылды. Қалған 25 шақырымда құрылысшылар 18 су өткізгіш құбырды орнатып, жылыту бекетін  жаңартып, 2 демалыс алаңын орнату жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде жөндеу жұмыстарына 80 техника мен 163 жұмысшы жұмылдырылған. Мамандардың жоспары бойынша қайта жаңғыртудан кейін Бейнеу-Ақжігіт тасжолы тәулігіне 7 мың көлік өткізе алады. Сондай-ақ «Құрық» порты арқылы көлік транзитін ұлғайтуға ықпал етеді.

Нью-Йоркте Қр инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Нью-Йоркте Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Форумға қаржылық және банк қызметтері, консалтинг, құрылыс, жылжымайтын мүлік, ақылды қалаларды дамыту, ІТ және өзге де салаларда қызмет атқаратын ірі және орта компаниялардың өкілдері қатысты. Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулы Жәнібек Әбдірашов қатысушыларға инвестиция тартудағы тың әдістер мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы жөнінде баяндады.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанға құйылған инвестиция мөлшері шамамен 16 процентке артып, 24 миллиард долларға жеткен.

Мұнайдың әлемдік бағасы өсті

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында дүйсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында маусым айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны 82 центке өсіп, баррелі 72 доллар 78 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) маусым айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 41 центке өсіп, бір баррелі 63 доллар 91 центке тең болды.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша, АҚШ долларының бүгінгі бағамы 381 теңге 8 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 382-383 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Мейірлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы