379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда «Достық дастарханы» тағамдар көрмесі ұйымдастырылды

  • 215
  • UPD: 11:35, 01.05.2019

Жамбыл облысында 80-нен астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Аймақтың тұрғындары бірлік пен ынтымақ мейрамын жылда ерекше атап өтеді. Әсіресе бір-бірінің ұлттық салт-дәстүрлеріне аса құрметпен қарайды. Бүгін жергілікті жұрт Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне белсенді қатысып жатыр. Әр өзге ұлттың өкілдері өздерінің салт-дәстүрін, өнерлерін көрсетіп, ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынды.

Жамбылда бірлік мейрамы ерекше тойланып жатыр. Қазір нағыз қызған шағы. Биыл негізгі шаралар Жастар аллеясы кешенді демалыс орнында ұйымдастырылған. Жылдағыдан ерекшелік бар. Бүгін бір емес, екі емес бірден 10 сахна орнатылды.

Оның сегізінде этно-мәдени бірлестіктер өз мәдениеттерін, салт-дәстүрлерін көпшілікке көрсетіп, мән-мағынасын ашып түсіндіріп жатыр. Мәселен, қазақтың шілдеханасы, қырғыз ұлты тұсаукесер, түрік этномәдени бірлестігі келін түсіру, неміс қоғамдық бірлестігі үйлену рәсімдерін қойылым ретінде қойды. Жалпы, жиналған жұрт Достық биін билеп, тамаша көңіл-күйде.  Аллея қала тұрғындары мен қонақтарына лық толы. Жалпы, халықтық мейрамға 10 мыңға тарта адам келеді деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар «Достық дастарханы» тағамдар көрмесі қойылды. Бұл – биылғы тағы бір ерекшеліктердің бірі. Мұнда 20 түрлі ұлттық тағамдар қойылған. Әр астың өз артықшылығы, жасау әдісі бар.

Ал қарама-қарсы бетте ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатыр. Спорт басқармасы 7 түрлі ойынды арнайы ұйымдастырған. Қазір жас-кәрі демей тұрғындар асық ойнап жүр.

Әрі қарай қазақ күресі, қол күрес, ордабасы топтық жарыс, тоғызқұмалақ, ләңгі сияқты ойындар өтіп жатыр. Ал одан әрі қарай «Білім» мен «Жастар» алаңында жасөспірімдер «Ынтымағы жарасқан туған өлке», «Саялы бәйтерек» сияқты театрландырылған көріністер көрсетіп, өнерлерін ортаға салып жатыр. Шара кешке дейін жалғасады.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Хабар 24 телеарнасы