378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 50 метрлік дастархан жайылды

  • 156
  • UPD: 21:22, 01.05.2019
Елордада 50 метрлік дастархан жайылды

«Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда таңсәреден басталған мерекелік шаралар әлі де жалғасып жатыр.

Мұнда түске дейін «Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі» деп аталған музыкалық-хореографиялық қойылым өтті. Қазір көрермен Нұр-Сұлтан қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары дайындаған концертті тамашалауда.

Бірлік күнін тойлауға келген халықтың қатары сағат санап молая түсуде. Алаңның төріне құрылған сахнадан ән әуелеп, күй төгіліп тұр. Мызғымас бірлікті мәңгілікке ту етіп, өзге елге үлгі болған отандастастарымыз, әсіресе, бір шаңырақтың астына сүттей ұйыған ұлт пен ұлыстың өкілі бүгінгі мерекелік шараларға әдеттегідей белсене қатысуда. 

Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан дәстүрінен жаңылмай этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары ұлттық биін билеп, татулық тақырыбындағы әндерді шырқап көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Ал спорт десе делебесі қозатын көпшілік сахнаға жақын маңда арқан тартыс, гір тасын көтеруден бәсекеге түсіп жатқан жігіттерді қаумалап, жанкүйер болып тұр. Бой жылытып, жүрек жалғауды қалаған жанға әр ұлттың таңдаулы тағам-сусындары ұсынылады. Мерекеге жайылған ақ дастархан үстіндегі түрлі ас алыстан көз тартады. Осы алаңның бір шетіне галерея түріндегі шатыр орнатылған. Оның астындағы мерекелік дастарханның ұзындығы 50 метр.

Өз басым бірнеше тағамнан дәм татып көрдім. Бір байқағаным, талғамы бөлек көрерменді мұндағы түрлі ас өзіндік ерекшелігімен баулап алған.

Айта кетейін, осы жердегі мәдени-спорттық шаралардан бөлек қала әкімдігі алдындағы алаңда сағат 2-ден 6-ға дейін эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді деп жоспарланған. Оған баратын көпшілік те белбеу және қол күресі, асық ату секілді жарыстарға қатысады.

Авторы: Талғат Исламұлы

Хабар 24 телеарнасы