389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жер аударылған кәрістер үшін қазақ елі құтты мекен саналады

  • 384
  • UPD: 15:50, 01.05.2019

Өткен ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Азиядан күшпен жер аударылған кәрістер үшін қазақ елі құтты мекен саналады.

Қиын-қыстау күн туып, ашаршылықты бастан өткерген қазақтар өзге елден келгендерді шетке теппей, бауырына басты. Бүгінде әлем бойынша кәрістер қауымдастығы тек біздің елде ғана бар.

1937 жыл бір емес, бірнеше елдің басына нәубет әкелді. Кореядан күшпен жер аударылған 170 мыңнан аса кәрістің шамамен жүз мыңы қазақ жеріне қоныстанды. Кәріс диаспорасы шоғырланған жердің  бірі – Үштөбе қаласы.

Осында туып-өскен Константин Кимнің ата-анасы жер аударылып келгенде былдырлаған бала екен. Ес білгеннен кейін осында танысып, отау тігеді. Бүгінде ұрпақтары бұтақ жайып, әр салада еңбек етіп жүр.  

Константин Ким, «Коре Ильбо» республикалық газеттің бас редакторы:
- Оңтүстік Кореяға барғанда мен өзімді жайсыз сезіндім. Өйткені біз күнделікті көпұлттың өкілдерін көріп, көзіміз үйреніп қалған. Мен үшін Қазақстан ыстық. Менің туып-өскен жерім Қазақстан болғандықтан, менің Отаным деп білемін.

Өзге елде кәріс тіліндегі ең алғашқы басылым және жалғыз мемлекеттік корей музыкалық комедия театры тек Қазақстанда ғана бар. Қазір елімізде 120 мыңнан аса кәріс диаспорасы тұрады. Олардың айтуынша, кәрістер негізінен медицина, бизнес және мәдениет саласындағы халықаралық жобаларды жүзеге асыруда.

Игорь Ли, Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының вице-президенті:
- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  елдің бірлігі мен тыныштығы үшін сіңірген еңбегіне алғысымыз шексіз. Себебі, бізге жайлы өмір сүруге барлық мүмкіндіктер жасалды. Яғни осында тұратын түрлі ұлт өкілдеріне білім алуға, қалаған салада жұмыс жасауға тең құқық берілген. Бір шаңырақ, бір аспанның астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Мұндай ел әлемде жоқ деп санаймын.

1920-1940 жылдардың аралығында кеңес одағы елдеріне шығыс пен батыстан жалпы саны 3,2 млн адам жер аударылған. Қазір Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады. Олардың көбінің қоныстану тарихы бір ғасырға жуықтады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы