379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізге қоныс аударған шешен халқының қазақтарға алғысы шексіз

  • 177
  • UPD: 18:11, 01.05.2019

Соғыс жылдарында солақай саясаттың салдарынан елімізге сан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударылғаны белгілі.

Солардың жарты миллиондайы – шешендер мен ингуштар. Жүк пойыздарымен Кавказдың қиыр шетінен Қазақстанға жеткенше көп азап көрген шешендер «егер жергілікті халық болмаса біздің тірі қалуымыз неғайбыл еді», – дейді.

Міне қазір Пете Абуеваның жанұясы кең дастарханның басында, үлкен шаңырақтың астында шат-шадыман өмір сүріп жатыр.

Ал осыдан 75 жыл бұрын бұлардың киерге киімі, ішерге асы болған жоқ еді. Анасы мен кіші інісін күштеп жүк пойызына отырғызып, Грозныйдан 1 ай бойы азапқа толы жол жүріп келгенін Пете әлі ұмыта қойған жоқ.

Пете Абуева, қала тұрғыны:

– Бізді сол кездегі Семей облысы Жармаға алып келді. Егер жергілікті тұрғындар мейірімділік, қамқорлық танытпағанда, не боларымызды елестетудің өзі қиын. Жуындырып, шайындырып ас-ауқаттарын беріп, шамалары жеткенше көмектесті. 

Алыс жолдан, азапты күндерден әбден қалжыраған Петенің атасы Қазақстанға жете алған жоқ. Жол ортасында жан тапсырды. Бұл ғана емес, жол бойындағы жан түршігерлік оқиғаларды есіме алсам әлі күнге дейін жүрегім аурады. Тіпті жүк пойызындағы туған туыстарымыз әр жерден түсіп қалып отырды. Олардың қайда қалғанын, қалай өмір сүріп жатқанынан хабарсызбыз дейді ол.

Русланбек Абуев, қала тұрғыны:

– Қазақ халқының арқасында біздер аман-есен осы күнге жетіп отырмыз. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сол кезде өздері де шалқып тасып өмір сүрмесе де, балаларының аузынан жырып бізге берді. Барынша бауырына басып мейірімділік танытты. Қазақ халқының бұл жақсылығын біз ешқашан ұмытпаймыз. Кейінгі ұрпақтарымызға да осыны жеткізіп отырамыз. 

Қазір Пете Абуеваның төрт құбыласы тең. Бала-шағасы, немерелері қасында. Жеке кәсіптері де бар. Жеміс-жидек пен көкөніс өсіретін жылыжайынан бөлек, жан-жануарларды да асырайды. Қазақстан менің өз үйім, сондықтан ақтық демім үзілгенше, осы елге қызмет етемін дейді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Серік Бақпаев

Хабар 24 телеарнасы