378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақжайық өңірінде 51 этномәдени бірлестік жұмыс істейді

  • 146
  • UPD: 20:47, 01.05.2019

Жайық жұрты да бірлік мерекесін шат-шадыман көңіл-күйде қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мейрамға орай ұйымдастырылған салтанатты шеруде 50 мыңнан астам адам сап түзеді. Татулық тұтқасына айналған Ассамблея өкілдері осы көштің алдыңғы шебінен табылды.

Аветик Амирханя Ақжайық жеріне 18 жасында келді. Арменияда құрылысшы мамандығын меңгерген ол кейін әкесі еңбек етіп жүрген Орал өңірінен екі қолға бір күрек тапты. Тәуелсіздік алған тұстағы қиын-қыстау кезеңде көштің басын көрші елдерге қарай бұрғандар көп еді. Армян ұлтының өкіліне де есі барда елін табуды ескерткендер аз болмапты. Бірақ қайсар мінезді кейіпкеріміз Қазақстанда қалуды жөн көрді. Өйткені ол елдің болашағы жарқын боларына кәміл сенді.

Аветик Амирханян, кәсіпкер, армян этномәдени орталығының жетекшісі:

– Бүгін міне бірлігі жарасқан егемен елде балаларым мен немерелерім өсіп жатыр. Қазақстан халқының бірлік пен тұтастықта өмір сүруі сайып келгенде экономика мен саяси аренада мықты болуымыздың кепілі деп білемін. Сондықтан мереке күні біз де барша ұлт өкілдері сияқты алаңнан табылдық.    

Қаламыздың бас көшесі Нұр-Сұлтан даңғылында биыл да шаттық шеруі ұйымдастырылды. Өңірдегі барша этномәдени бірлестік өкілдері мен еңбек ұжымдары сап түзеп, бірлік мерекесін лайықты атап өтуге атсалысты. Бірлігі жарасқан сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің мақсат-мұраты бір. Ой-пікірі де ортақ. 

Людмила Яковлева, «Деркулочка» ансамблінің мүшесі:

– Бүгінгі күн қандай тамаша! Осындай мерекеде түрлі ұлттың өкілдері басымыз қосылып, бір жасап қаламыз. Қазақ жерінде тұрып жатқан барша ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Бір-бірімізге деген құрметіміз де ерекше. Бұдан асқан бақыт жоқ деп білеміз.

80-нен астам ұлт пен ұлыс өкілінің ортақ қонысына айналған Ақжайық өңірінде 51 этномәдени бірлестік жұмыс істеп тұр. Шараға жиылған халықтың назарына мерекелік концерт пен театрландырылған көрініс ұсынылды.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы