378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттік көп балалы отбасылар мереке қарсаңында баспаналы болды

  • 172
  • UPD: 20:43, 01.05.2019

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі шымкенттік көп балалы аналарға қуаныш сыйлады.

Бұл күні шаһардағы «Шымкент сити» қалашығынан 540 пәтерлік 10 тұрғын үйдің кілті табыс етілді. Оның ішінде 177 баспана Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» мемлекеттік бағдарламасы аясында көп балалы аналарға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 9 қабатты тұрғын үйдің кілтін мемлекеттік қызметкерлер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтар иемденді.

Ғазиз Матаев мемлекеттік қызметте 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Полиция департаментіне қарасты мамандандырылған күзет басқармасының қызметкері осы уақытқа дейін пәтер жалдап күнелтіпті. Бес ұл-қыздың әкесі көп балалы отбасылардың да тізімінде тұр. Жанұясымен келіп өз пәтерін көрген Ғазиздың қуанышында шек жоқ. Айтары тек алғыс.

Ғазиз Матаев, қала тұрғыны:

– Үш бөлмелі үй алып жатырмыз. Мың да бір рақмет. Пәтерден пәтерге көшу оңай емес.

Пәтер кілтін алғандардың дені – көп балалы аналар. Мемлекеттен әлеуметтік қамқорлықты сезінгендердің ішінде Хадиша Қозыбаева да бар. 28 жыл бойы өз баспанасының болуын армандаған Хадиша Өсерқызы ол бақыттың 1 мамырда келетінін білмеппін дейді.

Хадиша Қозыбаева, қала тұрғыны:

– Үй кезегіне 2008 жылы тұрғанмын. Көп балалыларға үй береді дегеннен кейін 11 жыл күттім. Мен сияқты пәтерсіз жүрген адамдар осындай үйге қол жеткізе берсін.

Қалада қазіргі таңда 37 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішіндегі 14 501 азамат әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жатады.  Биыл 1368 пәтер осы санаттағы азаматтарға берілмек. Жергілікті билік жас отбасыларды да ұмыт қалдырмапты. Оларға  342 пәтер үлестірілмек. Ал қазір Шымшаһарда 4 524 пәтерлік 81 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Ғабидолла Әбдірахымов, қала әкімі:

– Елбасы тапсырма беріп, тағы да ақша бөлінді. Енді 200-дей үй соғылатын болады.

Жыл соңына дейін 828 пәтерлік 14 арендалық тұрғын үйлер берілмек. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша 246 пәтерлік 5 тұрғын үй аяқталады.

Нұрбек Байбосын, тілші:

– «Шымкент сити» қалашығы болашақта мегаполистің қарқынды даму орталығына айналады. Мұнда халықтың қажеттілігі үшін барлық жағдайлар жасалынады. Ол түрлі әлеуметтік һәм мәдени нысандар және баспаналар. Баспана демекші, мұнда жыл соңына дейін тағы да 68 тұрғын үй беріледі. Дәл қазір құрылыс жұмыстары қарқын алған.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы