379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейліктер «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғыртты

  • 179
  • UPD: 20:45, 01.05.2019

Семейдегі Достық үйінде қазақ мәдени орталығынан өзге орыс, неміс, корей, өзбек, еврей сияқты 22 этнобірлестік жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл олар Қазақстан халқының бірлігі мерекесін Бейбітшілік аралында ерекше атап өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарына өнерлерін паш етіп, дастарханнан дәм татқызды. Сонымен қатар «Қымызмұрындық» дәстүрі жұртшылықты шаттыққа бөлеп, жастар арасында айтыс, спорттық ойындар ұйымдастырылды.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Шараға жиналған қонақтарды кеңпейілді татар ұлты, ұқыпты неміс ұлты қарсы алғаннан кейін, кезек өзбек ұлтына келді. Еңбекқор өзбек ұлты өздерінің өнерлерін ортаға салып, жиналғандардың көңілін көтеріңкі ете түсті.

Осылайша бірнеше этнобірлестік өкілдерінің өнерін тамашалаған қонақтар Бейбітшілік аралына қарай беттеді. Күн қанша суық болғанымен, олардың көңіл-күйіне қаяу түсіре алған жоқ. Өйткені олардың ұстанымы біреу: «Біргеміз, берік іргеміз!»

Мамыр айының басында семейліктер қазақ халқының тамаша дәстүрлерінің бірі «Қымызмұрындықты» атап өтеді. Дастархан жайылып, барша тұрғындар дәмнен ауыз тиеді. Биыл арнайы мерекеге ауылдардан 200 литр қымыз әкелініпті. Мұндай шаралардың жас ұрпақ үшін маңызы зор деп есептейді Абыралы өңірінен келген әжелер.

Төлеужамал Шәриполлақызы, әжелер ансамблінің мүшесі:

– Күбідегі қымызын сапырып, биесін байлап, бие байлау жасайды. Оны биемұрындық дейді. Ақ көп болсын, кейінгі біздің алдымыздағы ұрпақтарымыз осы дәстүрді үйрену керек. Бұл – халқымыздың ежелгі дәстүрі.

Мектеп оқушылары бірлік мерекесін қылқаламмен суреттеп, туындыларын халық назарына ұсынып жатыр. Ұлттық қолөнер бұйымдары да көздің жауын алады. Биыл Жастар жылына арналып, студенттер арасында айтыс та ұйымдастырылған.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Бейбітшілік аралына 5 мыңға жуық қала тұрғыны жиналды. Ал қаладағы шығармашылық ұжымдардың концерттік нөмірлері кешке дейін жалғасын тауып, береке мен бірлікті жырлады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы