378.98 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмолалықтар бірнеше көп балалы анаға пәтер алып берді

  • 242
Ақмолалықтар бірнеше көп балалы анаға пәтер алып берді nokta.md

Ақмолалықтар 7 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға пәтер алып берді.

Бұл туралы облыстық «Науан Хазірет» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады. Көкшетау қаласында тұратын Нұргүл Қаржауова көп жылдардан бері балаларымен бірге пәтер жалдап келеді. Көп балалы ананың тұңғышы 18-де, ал кенжесі 2 жаста. Пәтерақысын жалғыз өзі еңсере алмаған келіншек колледжде оқитын үлкен ұлын оқудан шығарып алуға да мәжбүр болған. Осылайша талай жылдар тағдыр тауқыметін тартқан отбасыға баспана облыстық мешіт жанындағы «Зекет» қайырымдылық қорының «Ел үлесі – пәтерге» атты әлеуметтік жобасының аясында бұйырыпты. Мешіт имамының айтуынша, бұл пәтерді сатып алу үшін қаржы жинауға бүкіл аймақ тұрғындары белсенді атсалысқан. Студенттер бастап, зейнеткерлерге дейін шамалары келгенше қорға қаражат құйған. Тіпті көкшетаулық Мұратқазы есімді әнші жігіт арнайы концерт ұйымдастырып, одан түскен 500 мың теңгеден астам қаражатты қайырымдылық қорына аударған. Айта кетейік, бұл – аталған жоба арқылы былтырдан бері Көкшетауда мұқтаж отбасыларға беріліп отырған төртінші пәтер.

«Қайырымдылық ісіне соңғы уақытта аудандық мешіттер де үлес қоса бастайды», - дейді дін өкілдері. Мәселен, бүгін облыс орталығында өткен ораза алдындағы «Жарамазан» атты рухани кеште Бұланды және Біржан сал аудандарында тұратын екі отбасыға қайырымды жандардың көмегімен үйлердің кілттері табыс етілді. Осылайша өңірде бір күнде 3 отбасы ел үлесінің арқасында баспаналы болды. Ал қайырымдылық жобасы одан әрі жалғаса бермек.

Авторы: Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы