389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмолалық диқандар бидайдың «Дамса 20-17» сұрыбын биыл екінші рет егеді

  • 550
  • UPD: 09:00, 02.05.2019

Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы жаңа «Дамса 20-17» бидай сұрыбын екінші рет сынақтан өткізуге дайындалып жатыр.

Былтыр шаруалар әр гектардан шамамен 46 центнер өнім жинаған еді. Мамандардың биылғы аяқ алысы қалай? 

«Дамса 20-17» бидайын сұрыптау ісі сонау 2006 жылы басталды. «Саратов 59» және «Дамса 90» түрлерін біріктіруді қолға алған Руслан Жылқыбай ақыры дегеніне жетті. Қатты бидайдың жаңа сұрыбын шығарды. Дегенмен, бұл өнім мемлекеттік сынаққа былтыр ғана жіберіліп, Солтүстік Қазақстан облысының 5 ауданында егілді. Алғашқы жылдың өзінде егін бітік шықты. Әр гектардан шамамен 46 центнер астық жиналды. Ескертетін жайт, жаңа сұрып жаппай егілуі үшін 3 жыл тұрақты өнім беруі тиіс.    

Руслан Жылқыбай, А.И.Бараев атындағы АШҒӨО зертхана меңгерушісі:

- Солтүстік Қазақстанда жазда 320 миллиметр ылғал болады. Сол ылғал көп болғандықтан бізде ауру көбірек болады. Ал бұл сорттың айырмашылығы ауруға қарсы тұра біледі. Қарсы тұра біледі, және түптенуі жақсы.       

 «Дамса 20-17» Солтүстік Қазақстан облысына арналған өнім. Жалпы жаңа сұрыпты шығару барысында мамандар аймақтың ауа райын, климаттық ерекшелігін, табиғатын ескереді. Қазір еліміздегі қатты бидай өндірісінің 30 процентке жуығы осы Бараев атындағы орталыққа тиесілі. Болашақта орталық бұл көрсеткішті 3 есе көбейтуді жоспарап отыр.    

Татьяна Жигула, А.И.Бараев атындағы АШҒӨО аға лаборанты:

- Бидайдың жаңа сұрыбы біз жүргізетін сұрыптаудың түріне тікелей байланысты. Жаңа сұрыпты шығару барысында құрғақшылыққа төзімділік, ауруларға қарсы тұра алуы сияқты қасиеттер ескеріледі. «Дамса 20-17»-ге қатысты айтар болсақ, біз айтқан талаптарға сай келеді. Дәндерінің сапасы да жақсы.  

Енді орталық Қостанай өңіріне арналған жаңа сұрып шығаруды жоспарлап отыр. Жалпы бұл мақсатқа жетуге 10 жылдан астам уақыт қажет. Дегенмен, заманауи техниканы қолданып, бұл мерзімді 6 жылға дейін қысқартуға болады дейді мамандар. Ал қазір көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.  

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ербол Дайрабаев

Хабар 24 телеарнасы