389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық мемлекеттік қызметшілер полиграф арқылы тексерілді

  • 371
  • UPD: 23:20, 02.05.2019
Қостанайлық мемлекеттік қызметшілер полиграф арқылы тексерілді

Қостанайлық мемлекеттік қызметшілер шындық детекторы арқылы тексерістен өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осылайша олар өз қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырмақ. Әзірше бұл үрдіс ерікті түрде қолға алынды. Алғашқы болып адалдық сынағын салалық ведомствоның қызметшілері тапсырды.

Бұдан бөлек жүрек соғу мен қимылды қадағалайтын оннан астам құрылғы адамның физиологиялық әсерлерін есептейді. Мониторда олар арнайы толқындар пішінінде көрсетілген. 

Айнұр Оразалина, психолог:

- Полиграф адам ағзасының физиологиялық әсерлерін оқитын сезгіш қызметі арқылы жұмыс істейді. Яғни оны алдау мүмкін емес. Ондай кезде реакция пайда болады. Оны монитордан аңғарамыз.

Жалғандық детекторынан өтуді қалағандарға сегіз сұрақ қойылады. Негізінен бұлар жемқорлық әрекеттерді болдырмау мен мемлекеттік қызметшінің ар-намысына қатысты сауалдар. Бір адамды толық зерттеуге шамамен екі сағат жұмсалады. 

Талғат Сыздықов, мемлекеттік қызметші:

- Полиграфты зерттеуден өтер алдында маманмен әңгімелесеміз. Сынақ барысы ағзаға ешқандай кері әсерін тигізбейді. Менің ойымша, полиграфтық зерттеуден әрбір мемлекеттік қызметші өтуі тиіс.

Алғаш болып адалдық датчигіне салалық ведомство қосылды. Оның штатында 40-қа жуық қызметші бар. Полиграф сынағынан 10 адам өтті. Егер ақылды аппарат тексерісінің нәтижесі нашар болса, қызметші ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

Мэлс Әбдірахманов, ҚР МҚІСЖҚІА басқарма басшысы:

- Мемлекеттік қызметшілер арасында келісе ме, келіспей ме деп талқылау жүргіздік. Бізге барлық мемлекеттік қызметшілер ерікті түрде өздері жазбаша келісімдерін берді. Қазіргі таңда полиграфтық зерттеуден өтіп жатыр. Бұл мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа төзбестігін көрсетеді.

Заңға қайшы әрекеттерін алдын алу мақсатында департамент анонимді сауалнама да жүргізеді. Бұл шара тексерілген мекемелердің қызметшілерінен алынады. Осылайша олардың жұмысына өзге ұжымдар баға береді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы