379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда баласын өлтірді деп айыпталған ана жазасын өтемейтін болды

  • 134
  • UPD: 23:18, 02.05.2019

Ақтауда өз баласын өлтірді деп айыпталған анаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Кәмелет жасына толмаған ұлын тұншықтырып тастаған азаматша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Жантүршігерлік оқиға 5-шағын аудандағы көпқабатты 3-үйде болған. Дәлірек айтсақ, өзінің баласына қол жұмсаған ана мына пәтерде тұрған екен. Көршілерінің айтуынша, сол қайғылы жағдайдан кейін бұл үйге кіріп-шыққан ешкім жоқ. Есік жабық.

Көршілері жұрттың жағасын ұстатқан әйелдің оғаш қылықтарын байқамапты. Сырт көзге баласын өте жақсы көретін анаға ұқсаған.

Қала тұрғыны:

- Өте байсалды әйел еді. Ұлына ерекше көңіл бөлетін. Мектептен өзі алып келіп жүргенін де көрдім. Неге мұндай әрекетке барғандығын түсіне алар емеспін.

Тұрғындардың айтуынша, баласын өлтірген ана жолдасымен ажырасқан. Мына үйге бір жыл бұрын көшіп келіп, пәтеріне жөндеу жұмысын жүргізген. Содан көп ұзамай, баласын өлтірген. Алдымен қол-аяғын матап, кейін батарейге байлап тастаған. «Сосын тұншықтырған», – дейді көршілері. Азапталып көз жұмған ұлдың жансыз денесін туысқан ағасы көріп, полицияға хабар беріпті. Қатыгез ана ұсталды. Осы кезге дейін тергеу жүргізіліп, сараптама жасалған. Нәтижесінде әйелде психикалық ауытқушылық бары анықталыпты. Яғни ол баласын өлтірген кезде ақыл-есінен айырылған. Сондықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты: Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен сотталушы А. қоғамдық қауіпті әрекетті есі дұрыс емес күйінде жасағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалды.

«Қылмыс жасаған әйелдің қорғаушысы соттың шешімімен толық келісеміз»,  дейді. Бірақ камераға сұхбат беруден бас тартты. Осылайша туған баласын тұншықтырып өлтірген ана түрмеге отырмайтын болды. Әйел республикалық мамандандырылған психиатриялық интенсивті бақылау емханасына мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Әзірге қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы