379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық онкологтар қатерлі ісікті емдеудің озық әдістерін меңгеруде

  • 130
  • UPD: 23:17, 02.05.2019

Елімізде бір жыл ішінде 35 мыңнан астам азамат қатерлі ісік ауруларына шалдығады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Обыр түрлерінің ішінде өкпе дерті өршіп тұр. Аурумен күресу мақсатында Павлодар облысының онкологтары дертті ерте кезеңде анықтау мен операция жасаудың озық әдістерін меңгеруде. Дәрігерлер қауымы Ресей, Беларусь елдерінің және отандық мамандармен халықаралық конференция шеңберінде тәжірибе алмасты.

Шараның Ертіс өңірінде өткізілуінің өз себебі бар. Өнеркәсібі өркендеген және экологиялық хал-ахуалы көңіл көншітпейтін аймақта өкпе обыры дендеп тұр. Ауруды дер кезінде анықтау, ем жасау – басты мақсат. Екі күндік конференция барысында бірнеше сырқатқа операция жасалды.

Александр Подобед, Александров атындағы онкология ҒЗИ торакаллді онкология бөлімінің меңгерушісі /Минск/:

- Өкпедегі ісікті ұзындығы 3 мм-ден аспайтын тілік арқылы жоямыз. Әдіс сырқаттың тез сауығуына, оңалуына сеп болады. Ауру өршіп кетсе, күрделі әдіс-тәсілдер бар. Бүгінде нейро және кардиохирургиялық операциялардың кей тәсілдерін қолданамыз.

Қатерлі ісік дауасыз дерт емес. Осыны дәлелдегендердің қатарында Виктор Смола бар. 67 жастағы азаматтың өкпесіне бір жыл бұрын операция жасалған.

Виктор Смола, сырқат:

- Химиятерапия курстарынан өттім. 10 ай бойы ем алып, қазіргі уақытта дәрумендер ішіп жатырмын. Жағдайым едәуір жақсарды. Демікпем кетіп, бесінші қабатқа қиындықсыз көтерілемін.

Өкпе ісігі соңғы жылдары жасарып келеді. Өңірде жыл сайын үш мыңға жуық адам ауруға шалдықса, олардың 300-і өкпеге тиесілі.

Валерий Кравчук, облыстық онкологиялық диспансердің торакальді онкология бөлімі меңгерушісі:

- Ауруды ерте анықтау деңгейі артты. Ем-дом шараларынан соң сырқаттардың ғұмыры бес жылға, одан да көп уақытқа созылды. Бұл – скринигтік тексерулердің нәтижесі.

Скрининг демекші, төмен дозалы компьютерлік томография – өкпе обырын анықтаудың жалғыз әдісі. Бүгінде бұл бағыттағы пилоттық жоба ел шығысында жүзеге асырылды. Кезек Павлодар облысына келді. Қазіргі уақытта 100-ден астам зерттеу жүргізілді. Ал отандық онкологиялық қызметті дамытуға алдағы үш жылға тағы 35 млрд теңге бөлінген.

Диляра Қайдарова, республикалық онкология және радиология ҒЗИ директоры:

- Обыр аурулары солтүстік өңірлерде көп анықталады. Біріншіден, бұл аймақтарда зауыттыр көп, экологиялық мәселелер аз емес. Елімізде ерте кезеңде анықталған дерт 100% емделеді. Сондықтан онкологиялық қызметке қосымша 43 млрд теңге бөлді.

Елімізде онкологиялық аурулармен күресудің 2022 жылға дейінгі ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Кешенді жоспар шеңберінде облыста 10-нан астам корпусы бар диспансер бой көтеруде. Оның құрылысына 7 млрд теңге, ал сәулелі үдеткіш құралын сатып алуға екі млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бүгінде осындай құрылғы төрт облыста қолданылуда. Жыл соңына дейін олардың саны 10-ға жетпек.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы