378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскемендегі саяжайларды атты сақшылар бақылайды

  • 90
  • UPD: 23:17, 02.05.2019

Өскеменде жыл басынан бері мыңнан астам ұрлық дерегі тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соның 100-ге жуығы саяжай учаскелерінде болған. Жолы нашар, тау-тасты жерде орналасқан бұндай аумақ қылмыскерлердің тез із жасыруына қолайлы. Сондықтан қазір саяжайлар мен жеке тұрғын үй секторларын атты полиция жасағы жиі аралайтын болды.

Өскемен маңындағы 150 саяжай атты сақшылардың назарында. Жүрісі күдік тудырған бөгде адам міндетті түрде сұраққа алынады. Иен жатқан саяжайдың мүліктерін ұрлауға құныққан қылмыскерлер кейде көлікке мініп қаша жөнеледі. Ондайларды қуып жетуде ер қанатты аттың көмегі зор.

Қуаныш Қызыров, қалалық полиция басқармасының инспекторы:

- «Радуга» бірлестігінен темір ұрлаған «Москвич» көлігін ұстағанбыз, ол жол жоқ жермен қашып, осы аттың арқасында трассаға жеткізбей ұстап, қылмыстың бетін аштық.

Атты әскер взводында 20-дан астам тәртіп сақшысы бар. Олар 10 бағытта жұмыс істейді. Сымдай тартылған сәйгүліктерге мінген жігіттер қажетті құралдармен де жабдықталған.

Шалқар Заманбеков, қалалық полиция басқармасы жол-патрульдік батальонының штаб бастығы:

- Атты әскер жеке құрамы орталықпен рация арқылы байланысады және әрқайсында бейнетіркегіш құрал-жабдықтармен, техникалармен жабдықталған.

Атты патруль тек ат құлағында ойнайтын азаматтардан құралған. Таңғы сағат 10-нан бастап кешкі 5-ке дейінгі саяжай тірлігі олардың бақылауында болады. Бұл ұры-қарыдан әбден мезі болған тұрғындар үшін үлкен демеу болып отыр. Жасы 80-нен асқан Бағидолда қария: «бабын жасап, күтіп мінсең, кез келген атпен қылмыскерді ұстауға болады», – дейді.

Бағидолда Қайырбаев, зейнеткер:

- Қашып құтыла алмайды аттан. Осы атты көбейту керек, әсіресе ауылдық жерлерде, қала шетіндегі саяжайларда ат керек-ақ, осыған өте ризамын.

Көктемде еккен жемісі енді пісті дегенде жер сипап қалатын саяжайшылар атты әскер қауіпсіздікті күшейтеді деген сенімде.

Айта кету керек, соңғы 3 жылда аталған патрульдік қызмет көмегімен 30-дан астам қылмыс ашылған екен.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы