379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қаламқас» кен орнында болған апат себебі анықталды

  • 165
  • UPD: 23:42, 02.05.2019

Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнында болған апаттың негізгі себептері анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Арнайы тексеріс жүргізген комиссия аталған жағдайға «Си Бу» компаниясын кінәлі деп тапты. Яғни апат ұңғыма қазу жұмыстарын жүргізген жұмысшылардың қателігінен болған.

Қазір мекеменің қызметіне қатысты тиісті шешім шығару үшін құзырлы орындарға хат жолданды. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын «Қаламқас» кен орнында жер астынан газ-су қоспасы атқылап, аумақ өртке оранған болатын.

Құрамында құқық қорғаушылар, экологтар, өнеркәсіп қауіпсіздік саласының мамандары бар арнайы комиссия құрылып, бір ай бойы өрт шыққан аумаққа кешенді тексеру жүргізілді. «Си Бу» бұрғылау компаниясының қызметкерлері өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын мүлде сақтамаған. Жұмысшылардың қателігінен экологиялық апат орын алды», – дейді комиссия төрағасы.

Рахман Қалиев, облыстық Өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті басшысының орынбасары:

- ҚР өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай цементтеу кезінде 24 сағат күтілуі керек, бұлар 24 сағат күтпей, 2 сағаттан кейін ұңғыманың үстінде тұратын атқыламаға қарсы жабдықты ашып жіберген.

Ұңғымадан шыққан газ атқылап, «Қаламқас» кен орны бірнеше күн бойы жанып тұрды. Көкке көтерілген қызыл отты сөндіру үшін 30 арнайы техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды. Тіпті көрші Атыраудан мамандар шақыртылды. 1 шаршы шақырым аумақты түгел өрт шалды. Экологтар аталған апат туралы дер кезінде хабарламаған және қоршаған ортаға орасан залал келтірген компанияға қатысты әкімшілік кодекстің 4 бірдей бабы бойынша іс қозғады.

Руслан Төкенов, облыстық Экология департаментінің басшысы:

- Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген залал бағасы есептелді. Ол 97, 2 миллион теңгені құрап отыр. Сонымен қатар қазіргі кезде департаментпен сот орындарына талап арыз жолданды. Яғни біздің берілген мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы және экологиялық рұқсат қағаздарын қайтарып алу жөнінде. Қоршаған ортаға келтірілген залалға байланысты және экологиялық талаптарды сақтамауына байланысты.

№ 8237 ұңғымасын қазу жұмыстары толық тоқтатылды. Қазір «Си Бу» компаниясы ластанған аумақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған мекеменің алдағы қызметіне қатысты нақты шешімді құзырлы орын қызметкерлері шығаратын болады. Қазір мердігер компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы