378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әйелдер арасында қандай көліктер сұранысқа ие?

  • 251
  • UPD: 09:10, 03.05.2019

Жыл басынан бері Қазақстанда 280 мыңнан аса көлік тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әрбір бесінші автокөліктің иесі қыз-келіншек екен. Қазақстанның автобизнес қауымдастығы осындай дерек келтіреді. 

Аягүл Әлібекованың көлік тізгіндеп жүргеніне он жылдан асты. Тәжірибелі жүргізуші темір тұлпарымен барлық жерге үлгеретінін айтады. «Жол мұраты – жету» деген қағиданы ұстанатын ол басты ережелерді бұзбауға тырысады. Көкшектау, Қарағанды, Павлодарға да барып келуден аянбайтын Аягүл «жолдағы жүргізушілер бір-бірін сыйлау керек» дейді.

Аягүл Әлібекова, жүргізуші:

– Қазіргі кезде әрбір екінші әйел көлікте жүреді. Жол ережесін өзім өрескел бұзбаймын. Егер ер адамдар жол сұрап жатса, мен әрқашан қолдау көрсетемін, өткізіп жіберемін. Кейбір ер адамдар жолды кесіп жүре береді. Мен ондайларды қолдамаймын. Әр нәрсенің өз ережесі бар. Сұранып өтсең, одан ештеңе кетпейді деп ойлаймын.

Аягүл өзінің жүргізушілік тәжірибесінде 5 көлікті ауыстырып үлгерген. Ол үшін темір тұлпары ыңғайлы болуы тиіс. Ер азаматтар болса, ханымдардың жолдағы тәртібін түрлі бағалайды.

БЛИЦ:

– Көбісі жүру білмейді. Алдымен дұрыстап үйреніп алу керек.

– Қазіргі таңда бала-шағаны балабақшаға, мектепке апару керек. Дұрыс шығар деп ойлаймын.

– Дұрыс жүре алмайды қыздар. Кептеліс тудыратын да солар.

Бір жылда сатылған 12 мың көліктің 25 процентін әйелдер алған. Сатып алушылардың дені 18 бен 44 жас аралығында. Салон қызметкерлерінің айтуынша, жүргізуші ханымдардың ықыласына оңтүстіккореялық, неміс, жапон және ресейлік маркадағы темір тұлпарлар ие.

Михаил Савильев, сату бөлімінің басшысы:

– Қыз-келіншектер көліктің дизайнына, сырт-келбетіне мән береді. Сондай-ақ оларды қызмет көрсету сапасы баурайды. Біз соған лайық болуға тырысамыз. Көбінесе таңдаған көліктері шағын, қауіпсіз әрі ыңғайлы болса дейді.

Көлік жүргізуші ханымдар қанық емес, ашық-жарқын түстерді қалайды. Бірінші орында ақ түс тұр. Үштікке сұр мен қара реңк те кірген. Бастысы, жүргізушілер жолдағы қауіпсіздікті ұмытпаса болғаны. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы