378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда саяхатшыларға арналған үш тілді интерактивті туристік карта койылмақ

  • 214
  • UPD: 12:40, 03.05.2019

Түркістанда туристерге жағдай жасау мақсатында қаланың халық көп шоғырланатын жерлеріне Түркістан қаласының интерактивті туристік картасын қою жоспарлануда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үш тілде шығарылған сипаттама туристер үшін басты нұсқаулық болмақ. Бұл туралы киелі шаһарда өтіп жатқан Түркістан облысын цифрландыруға арналған «Smart Turkistan» форумында айтылды.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде келелі жиын басталды. Форумға жүзден аса қазақстандық IT саласының мамандары мен бағдарламашылар, ірі компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттарының және бизнес қауымдастық өкілдері қатысып жатыр. Күн тәртібіндегі басты тақырып – Түркістанды ақылды қалаға айналдыру. Жан-жақтан жиналған мамандар ақылды қаланың тұжырымдамасын жасау үшін инновациялық идеяларын ортаға салып, өз ұсыныстарын білдіруде. Алайда бүгінге дейін облыс орталығында осы бағыттағы бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – «Е-шаңырақ» жобасы. Ол бойынша шаһардағы 10 көпқабатты тұрғын үй коммуналдық төлемдерді есептейтін жаңа жүйеге көшті. Енді тұрғындар су мен жылудың және жарықтың төлемдерін осы жүйе арқылы үйде отырып-ақ төлей алады. Бұдан бөлек, «Ақылды аялдама» жобасы шеңберінде тұрғындар үшін жайлы, барлық қажетті жабдықтармен қамтылған 8 аялдама павильоны қойылмақ. Бірнеше ай бұрын қаладағы саябақтарда ақылды орындықтар пайда болды. Сырттай қарағанда олардың өзге орындықтардан айырмасы болмағанымен, онда күннен қуат алып, қалта телефондарын қуаттайтын құрылғылар орнатылған. Айта кетейік, ағымдағы жылы Түркістан облысында сандық жүйеге көшіру жұмыстарына 1 жарым млрд теңге қаржы бөлініп отыр.

Сондай-ақ бүгінгі форумның қатысушылары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы және басқа салаларға жаңа технологияларды енгізу туралы пікір алмасып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы