379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Astana Hub алаңында ІТ мамандарға арналған «Шеберхана» жұмыс істейді

  • 160
  • UPD: 15:27, 04.05.2019

Жобаның негізін қалаушылардың бірі – «100 жаңа есім» тізіміне енген Санжар Мырзағалым.

17 млн теңге. Мына бөлмеге қойылған бірнеше құрылғының орташа құны, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Қарапайым студенттің қалтасы көтермейтін қаражат, әрине. Сондықтан өзі сияқты өнертапқыштарға көмектесу үшін Санжар Мырзағалиев шеберхана ашуды армандаған және ол орындалды. Жарты жыл бұрын Astana Hub алаңында ашылған шеберханада бүгінде он шақты жоба қолға алынған. Талапты студенттердің түрлі идеялары осында іске асады. Бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрылғы жасаса, енді бірі өсімдіктерді тез өсіру технологиясын әзірлеуде.   

Санжар Мырзағалым, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:

- Осы жерде технологиялық жобаларды жүзеге асыруға керекті құрал-сайманның бәрі бар. Мысалы, 3D принтерлер, лазермен немесе фрейзермен ағашты өңдейтін құрал-жабдықтар, электроника, дәнекерлеуші жабдықтар. Барлығы осы жерге жиналған. Адамдар шеберханаға келіп өз жобаларын дамытады. 

Шеберханада жасалған дайын өнімдер инвесторларға және тұтынушыларға ұсынылады. Қаржылық қолдау мемлекет тарапынан да белсенді жүргізіледі. Дегенмен қазақстандық жобаларды шетелдіктер сатып алып жатқанын жиі байқаймыз. Себеп неде? Осы ретте жас та болса Microsoft  сынды алпауыт компанияда жұмыс істейтін және халықаралық технология нарығынан хабары бар кейіпкеріміз бұл сауалға былай деп жауап берді.

Санжар Мырзағалым, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:

- Өте көп керемет жобалардың шетелге кетіп жатқанының себебі: нарықтың кішкентай болуы. Қазақстанда 18 миллион адам бар. Сол 18 миллион адамға арнап бір жоба ұйымдастыру көп шығынды талап етеді. Өйткені сіз жоба жасасаңыз, неғұрлым нарық үлкен болса, соғұрлым жобаңыз жақсы болады деген сөз.

Саладағы тағы бір өзекті мәселе – білікті мамандардың жетіспеуі. Жыл сайын Қазақстан универсиеттерінде мыңдаған адам ІТ мамандығын меңгеріп шығады. Бірақ олардың арасында кәсіби қызметкер атанатындары аз. Зертхананың мақсаты – шеберлікті шыңдайтын алаң құру. 

Санжар Мырзағалым, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:

- Шеберхананың мақсаттарының бірі – бейімі бар адамдарды алып, соларға шынымен нарықта не керек екенін түсіндіру. Нарықта керекті, пайдалы білімін беріп шығару. Яғни ары қарай олар өздерінің жаңа керемет жұмыстарын таба алады немесе ірі компанияларда жұмыс істей алатындай жағдай жасау.

Мұнымен қоса «Шеберхана» шеңберінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін көрсететін қосымша сабақтар өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта жас өнертапқыштар Алматыда тағы бір шеберхана ашуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы