379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс депутаттары алматылық көп балалы аналармен кездесті

  • 130
  • UPD: 20:18, 04.05.2019

2025 жылға дейін еліміздегі көп балалы отбасылардың барлығы баспанамен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы заң жобасы Мәжілісте қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Бұл туралы Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалында өткен қабылдауда айтылды. Мәжіліс депутаттары тұрғындармен тілдесіп, олардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді.

Сегіз ауданның өкілдері барлық ұсыныстарын Нұр-Сұлтаннан ат арытып келген депутаттарға жеткізді. Соның бірі атаулы әлеуметтік төлемнің шарттары жайында болды.

Мысалы, әскерилерге Үкімет тарапынан баспана алуға берілетін қаржы отбасылық табыс көзі ретінде саналатыны белгілі. Бірақ бұл қаражат бірден банктегі есеп шотқа аударылатындықтан, отан қорғаушылардың қолына тек айлықтары ғана тиеді. Сонымен қатар балалары ақылы түрде оқитын жанұялардағы төлемақы табыс көзі болып есептеледі.

Аяш Нұрымова, көп балалы ана:

– Мысалы, көп балалы отбасында бір немесе екі бала ақылы түрде оқиды. Сол ақылы түрде оқыған төлемақысы да есепке алынады. Жаңағы отбасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмайды. Сондықтан да сол мәселелерді қарастырып, көп балалы отбасыларына кішігірім жағдайлар жасалса деген ұсыныс болды өз тарапымнан.

Көп балалы аналардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдаған депутаттар мәселенің міндетті түрде ескерілетінін айтты. Айта кетейік, Алматыда есепте тұрған 3 мыңнан аса көп балалы отбасы бар. Оның екі мыңы атаулы әлеуметтік төлемге ие болған. Тағы бір ақпар, 30 сәуір күні Мәжілісте көп балалы отбасыларды баспанамен қамту туралы арнайы заң жобасы қабылданып, Президенттің қол қоюына жіберілген.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

– Жалпы 31725 көп балалы отбасы кезекте тұр. Кезекте тұрғандардың бәрін 2025 жылға дейін толық үймен қамтуға мүмкіндік бар.

Бостандық ауданында бас қосқан мүмкіндігі шектеулі жандар шешімін таппай жүрген әлеуметтік мәселелерді көтерді. Қаладағы қоғамдық көліктер мен нысандарды мүгедектердің мүмкіндігіне бейімдеу жайы назардан тыс қалмады. Әлі күнге дейін арнайы сатысы жоқ нысандардың тізімі жасалып, оларға қатысты тиісті шара қолданылмақ.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы