378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жезқазғанда 80 жастағы қария жастарға компьютерлік сауаттылықтан сабақ береді

  • 119
  • UPD: 19:50, 05.05.2019

Жезқазған қаласында тұратын 80 жастағы қария Владимир Задесинец тұрғындарға ағылшын тілінен және компьютерлік сауаттылықтан сабақ береді.

Тіпті, ол пернетақтаға қарамай әрі жылдам терудің жаңа әдістемесін ойлап тапқан. Қазір арнайы курс ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Бүгінде қариядан дәріс алғысы келетіндер қисапсыз көп.

Владимир Задесинец 80-ге келсе де сергек. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ағылшын тілін жастайынан меңгеріпті. Кейін түрлі оқулықтар оқып, білімін жетілдірген. Сөйтіп өмірлік тәжірибесі мол қария бар білгенін басқаларға үйрету үшін Жезқазған қаласында арнайы курс ашады.

Владимир Задесинец, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Курсқа 5-6 жастағы баладан бастап өз замандастарыма дейін келеді. Аптасына 5 мәрте сабақ өткіземін. Оларға сапалы білім беру үшін өзімді де дамытып отырғанды жөн көремін. Көп оқулық оқимын, ағылшын тіліндегі түрлі телеарналарды қараймын.

Владимир Задесинецтің мамандығы – инженер-құрастырушы. 40 жыл зауытта еңбек етіп, зейнетке шыққан. Сондықтан компьютерді меңгеру қарияға аса қиынға соқпапты. Қазір ол балаларға ақпараттық технологияның қыр-сырын үйретіп жүр. Жақында пернетақтаға қарамай терудің жаңа әдістемесін ойлап тауыпты.

Владимир Задесинец, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бұл әдістеменің ерекшелігі, арнайы жаттығулар арқылы ми мен саусақты байланыстырамыз. Бір сөзбен айтсақ, адам пернетақтаны тергенде саусақ ұшы көздің қызметін атқарады.

Қарияның біліміне, шеберлігіне тәнті болған қаладағы түрлі мекемелер оны дәріс беруге шақыра бастаған. Соның бірі – жуырда ғана ашылған білім және даму орталығы.

Ақансері Сүлейменов, Білім және даму орталығының директоры:

- Біздің орталықта ІТ-сынып бар. Онда оқитын 80 оқушының барлығы қызығып отыр. 10 саусақты пернетақтада теру әдісін біз өзіміздің оқу бағдарламасына енгізгіміз келіп отыр. Соған келесі аптадан бастап шақыртып, шеберлік сағатын өткізсек деген қуанышты идея болып отыр. 

Қария ғылымнан да құралақан емес. Өндіріске енбеген бірнеше өнертабысы бар екен. Айталық, жуырда қыш тақта мен кірпіш жасаудың жаңа технологиясын ойлап тапқан. «Бірақ әзірге қызығушылық танытқандар болған жоқ», – дейді ол.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы