379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда 1700 студент жатақханаға мұқтаж

  • 106
  • UPD: 09:29, 06.05.2019

Студенттер алаңдамай сапалы білім алу үшін жатақханамен қамтамасыз етілуі тиіс.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бес әлеуметтік бастамасында 2022 жылға дейін елімізде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырды. Қазір өңірлерде өткір тұрған мәселені шешуге қалталы азаматтар ат салысуда. Мәселен петропавлдық кәсіпкер Денис Бернат алдағы уақытта 1700 орынға шақталған төрт жатақхана тұрғызбақ.

Антон Кузнецов – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті. Ауылдан қалаға білім алуға келген ол, достарымен пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Өйткені жатақханада орын жоқ.

Антон Кузнецов, студент:

– Қыркүйек айында жатақханаға орналасу үшін құжаттарымды өткіздім. Бірақ әлі орналаса алмай жүрмін. Қазір айына 50 мың теңге төлеп, пәтерде тұрып жатырмыз. Әке-шешеме ауыр болмасын деп бос уақытымда жұмыс істеймін.

Аталған мәселені шешуге қалталы азаматтар қол ұшын созды. Мәселен кәсіпкер Денис Бернат Петропавлда 1700 орынға арналған бірнеше жатақхана салып жатыр. Оның алғашқысы жыл басында қолданысқа берілді.

Денис Бернат, кәсіпкер

– Бұл ғимарат алты жыл бойы қаңырап бос тұрған еді. Оны сатып алып, қайта жасақтадық. Жоба құны – шамамен 340 миллион теңге. Болашақта 5 қабаттан тұратын ғимаратты да жатақханаға айналдырмақшымын. Бұдан бөлек, тағы екеуін жаңадан тұрғызсам ба деп отырмын. Мұның бәрі әрине мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында.

Айта кету қажет, қазір бұл жатақханада 260 студент тұрып жатыр. Олардың әрқайсысы үшін университет айына 15 мың теңгеден қаржы аударады.

Ербол Исақаев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Бұл жобалардан бөлек, 1200 орынға арналған жатахқананың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Қалалық әкімдік университет жанынан арнайы жер учаскесін бөліп берді. Қазір тағы инвестор іздестіріп жатырмыз.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – өңірдегі жалғыз жоғары оқу ордасы. Бүгінгі күні мұнда жеті мың студент білім алуда. Ал оның 1700-не жатақхана жетіспейді.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Жатақханамен қамту мәселесі расында да аталған білім ордасында өткір тұр. Сондықтан жергілікті билік өкілдерімен ректорат бұл мәселені 2021 жылға дейін біртіндеп шешуді жоспарлап отыр. Яғни бұл уақытқа дейін студенттердің 75 проценті баспанамен қамтылмақ.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы