378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелдік мұрағаттардан соғысқа қатысқан мыңдаған қазақстандық туралы мәлімет табылды

  • 97
  • UPD: 09:31, 06.05.2019

Отандық ғалымдар шетелдегі мұрағаттарда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан мыңдаған қазақстандық туралы мәлімет тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

11 жылдық зерттеу жұмыстарының қорытындысы Франция астанасы Парижде таныстырылды. Кітап Қазақстанның әскери тарихының белгісіз тұстарынан сыр шертіп, қан майданда хабар-ошарсыз кеткен батырларымызды қайта тірілтті.

Бұл – соғыста қаза тапқан Нұрман Молдабековке отандастарының алғаш рет келіп, құрмет көрсетуі. Хабар-ошарсыз кеткен Алматы облысының тумасын шешесі көп жыл бойы іздеген еді. Кейін батырдың туыстарына ғалымдар іздеу салған. Себебі олар соңғы бір жылда Молдабековпен бірге 7 қазақ сарбазының жерленген жерін тапты.

Гүлнара Меңдіқұлова, тарих ғылымдарының докторы:

– Бұл өте ауқымды жұмыс. Мемлекет қолдау білдіріп, қаржыландырып отыр. Осының арқасында шетелдегі мұрағаттардан белгісіз қазақ сарбаздары туралы мәліметтерді кездестіріп, олардың зираттарын да таптық.

Францияда соғыс кезінде шейіт болған қазақ жауынгерлерінің 34 зираты бар. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан 350-400 мың қазақ жауынгері хабарсыз кеткен. Сол сұрапыл соғыста отан үшін жанын пида еткен ұлдарына арналған кітаптың таныстырылымы Франциядағы Қазақстан елшілігінде өтті. Оған 15 елдің мұрағатынан табылған мәліметтер енген.

Жан Галиев, ҚР-ның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Францияда неміс басқыншыларына қарсы азаттық қозғалысына қатысып, қан майданда қаза тапқан батыр отандастарымыз көп. Біз қазақ жауынгерлеріне тағзым етіп, олардың зираттарын күтіп келе жатқан фрнацуз халқына алғысымызды білдіреміз.

Мұрағат деректеріне қарап қазақ сарбаздарының француз жеріндегі Қарсыласу қозғалысына көптеп қатысқанын байқауға болады. Түрмеден қашып шыққан жауынгерлеріміз партизандық жасақтарға қосылған. Бірақ соғыс аяқталып отанына оралғандардың көбі қуғынға ұшырап, итжеккенге айдалған.

Жан-Пьер Трон, Триумфальды аркадағы мәңгілік оты комиссариатының бас хатшысы:

– Біз қазақтардың Қарсыласу қозғалысына қаншалықты атсалысқанын көріп білдік. Олар нағыз ержүрек батыр болған. Бұл қазақ жауынгерлері француздардың ғана емес, Еуропа елдерінің де құрметіне лайық. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз.

Ғалымдар шетелдегі мұрағаттармен жұмысты жалғастыруда. Алдағы уақытта кітаптың екінші томы жарияланады. Зерттеушілер оны Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай шығаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Әлия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы