379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Каспий маңы елдерінің қатысуымен «Теңіз биатлоны - 2019» сайысы өтеді

  • 140
  • UPD: 20:25, 06.05.2019

Апатқа ұшыраған кемеге қандай көмек көрсетіледі? Техника өртеніп жатса ше? Еліміздің әскери теңіз күштері өз мүмкіндіктерін пысықтап, халықаралық жарысқа дайындалып жатыр. Алдағы жазда Каспий маңы мемлекеттері теңізшілерінің қатысуымен Бакуде «Теңіз биатлоны – 2019» сайысы өтеді.

Кеме экипаждары әуедегі шар мен су бетіндегі минаны дәлдеп, жоюдан жарысады.

Жазда өтетін жарысқа ең үздік кеме экипажы қатысады. Сондықтан да қазір «Сарыарқа», «Орал» және «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кеме экипаждарының арасында іріктеу жүруде. Олар күнде ашық теңізге шығып, түрлі сынақтан өтіп жатыр.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Теңіз биатлонында өтетін жарыстардың бірі мына АК 306 қондырғысынан әуе және су нысандарына оқ ату. Яғни әуеде ұшқан шарды немесе теңіз бетіндегі минаны дәлдеп, жоюлары тиіс. Бұл қондырғыдан ұшқан оқ 5 шақырым қашықтыққа жетеді.

Теңізшілер қарсыласқа суасты тойтарыс беруді, борттың сыртына құлап қалған адамды құтқаруды пысықтап жатыр. Сондай-ақ аталған жарыста жеке құрамның шапшаңдығы мен кәсіби шеберлігі де сыналады.

 Рауан Ергебеков, «Сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі:

- Ол жарысқа экипаж  құрамынан 5 адам болады. 5 адам 50 метрлік қашықтыққа орналасқан құтқару плотына барып жайғасып, ескекпен есіп бортқа жүзіп келу керек болады. Тек қана секіріп емес, гидрокастюм деп аталады, гидракастюмді киіп, суға түсіп жүзіп барудың өзі 2 минутқа дейін нәтиже көрсетеміз.

Жауынгерлік дайындық әскери теңіз күштерінің оқу базасында да жүріп жатыр. Мұнда қазақстандық теңізшілер апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсетуден өзара мықтыны анықтауда. Алдымен отқа оранған каютаны сөндіріп, содан соң тесілген кемені бекітті. 

Рауан Ергебеков, «сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі

- Өте пайдасы зор. Бұл тек қана Каспий теңізінің мемлекеттерінің арасында ғана сайыс өту емес, бұл және өзіміздің арамызда сайыстар өткізіп, мықтылардың ішінен мықты экипажды таңдалып, сол жарысқа біз өз елімізді көрсетеміз.

Былтырғы өткен халықаралық теңіз биатлонында қазақстандық әскерилер екінші орыннан көрінген еді. Ал биылғы жарыста үздік болуды көздеп отыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы