379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батыр бабалар қасық қаны қалғанша қорғаған Тайтөбеге ескерткіш қойылды

  • 145
  • UPD: 23:44, 06.05.2019

Тайтөбе басына ескерткіш қойылып, ұлан-асыр той өтті. Енді мамандар бұл қасиетті жердің қадірін түсініп, қорғауға алу қажеттігін айтады. Өйткені мыңдаған жылдық тарихы бар бабалар мекені жайында көпшілік біле бермейді.

Біз елорданың тарихы жайында не білеміз? Көбіне империя дәуірінде қамал орнатылып, тың игеру жылдары етек жайып, тәуелсіздік алғаннан кейін гүлдеген ғана деп жүрміз. Ал археологтар оның мыңдаған жылдық тарихы барын дәлелдеп отыр. Яғни сонау қола дәуірінде дәл осы Тайтөбенің маңында елді мекендер болған, сауда керуендері өткен және ұлы даладағы маңызды шешімдер қабылданған. Қазір оның куәсі ретінде мына қорғандар жатыр. Ақмола деген атаудың шығуына да осы түрткі болды. Бірақ өкінішке орай аталған тарихи мұраны және оған қатысты деректерді екінің бірі біле бермейді.

Марал Ғалымжанқызы, тарихшы:

- Тайтөбе аумағында 2500 жылдық тарихы бар қорғандар орналасқан. Сондықтан қай кезде де жергілікті тұрғындар үшін оның маңызы ерекше болды. Жаудың аяғын бастымарды. Қасық қаны қалғанша қорғады. Тіпті патша империясы қамал салуға осы жерді таңдаған болатын. Бірақ жергілікті тұрғындар ол белгіні жасырын Қараөткел жаққа қадап, патша әскерін сол жаққа бұрып жіберген.

Тайтөбе басынан айналадағы ондаған шақырымдық аумақ анық көрінеді. Сондықтан шығар осы жерге көз алартып, жаулап алғысы келгендер көп болған. Бірақ жаужүрек аталарымыз киелі мекенге ешкімнің аяғын басқызбады. Енді жергілікті тұрғындар осы тарихи мұраны сол күйі сақтап, бабалар аманатын орындау үшін өз күштерімен арнайы ескерткіш орнатты.

Мәриям Сәлкенқызы,  жергілікті тұрғын:

- Бұл Ақмола қашаннан келе жатқан мекен. Менің әкем 1890 жылы туылған. Оның ата бабалары, оның ата бабалары өмір сүрген. Сақ қорғанынан келе жатқан 10 қорған болды. Тайтөбенің жерін, атын халықтың ауыз бірлігінің рақасында сақтап қалдық.

Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары мен танымал тарихшылар жиналып, тарихи мекен жайлы ой-толғаныстарын айтты. Ескерткіш айналасына этоноауыл бой көтеріп, ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді.

БЛИЦ:

- Бұл той-думанның мақсаты келесі жас ұрпақ өз тарихын білсін, ұмытпасын деген. Бұл ауылдан небір қазақтың батырлары, үлкен азамат тұлғалар шыққан.

- Бұл жерде қазір бәйге, көкпар, қаза күресінен жарыстар өтеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келіп жатқандар көп. Жалпы бұл шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іс-жүзіндегі көрінісі дер едім.

Ғалымдар болса жеткен жетістігіне тоқмейілсіп отырған жоқ. Тайтөбе маңында әлі бірқатар зерттеу жүргізіп, небір жаңалықтар ашуға болатынын айтады.

Аслан Қаженов, тілші:

- Өкінішке орай, мына қорғандар орналасқан аумақта бірнеше жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіліп келді. Яғни құрылысқа жарайтын мынадай материал алынса керек. Соның кесірінен 12 қорғанның 2-еуі қатты зардап шегіп, ақыры жойылып бітті. 2000 жылдары, яғни жергілікті тұрғындардың наразылығының арқасында бұл жұмыстар толықтай тоқтатылды және қалған қорғандарды сол күйі сақтап қалу мүмкіндігі туды.

Бұған қоса қазір тарихи деректерді бұрмалап  жүргендер де бар. Сондықтан, мамандар бұл мекенге ерекше көңіл бөлу керектігін айтады.  «Рухани жаңғыру»  бағдарамасы аясында оған жан-жақты зерттеу жүргізіп, тарихи мұралар қатарынан ойып тұрып өз орнын алуы керек дейді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Аят Дүйсембай

Хабар 24 телеарнасы