387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы ауылға ауыз су жеткізілді

  • 582
  • UPD: 14:00, 07.05.2019

Батыс Қазақстандағы Бұлдырты ауылына «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы таза ауыз су жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа республика бюджетінен 363 миллион теңге жұмсалған.

Мақсот Бекжанов Бұлдырты ауылының байырғы тұрғыны. Зайыбы Назгүл екеуі 4 перзент тәрбиелеп өсіріпті. Төрт түлік мал өрісте. Дегенмен үйде де атқаратын іс баршылық. «Күн жылынса, аулаға жеміс-жидек отырғызсақ деймін. Ауылда бәрі де бар. Ең бастысы, ауызсу мәселесі оң шешілгеніне қуаныштымыз», – дейді кейіпкеріміз.

Мақсот Бекжанов, Бұлдырты ауылының тұрғыны:

– Бұрын кішкене ауылымыздың суы ащылау еді, «Ақбұлақтың» суы жақсы екен. Ауылымызға газ келді, біздің ауылымызға енді керек нәрсе, ауылдың ішіне айналдырып асфальт салып берсе деген ой бар. Жастар өсіп келе жатыр, жас спортшылар бар, сол спортшылардың жаттығу жасауына байланысты бір жақсы спорт зал керек.  

Бұлдырты ауылында 470-тей түтін бар. Аудан орталығымен арадағы 60 шақырымдай жол тақтайдай тегіс. 2016 жылы көгілдір отын тартылды. Былтыр 20 шақты ауыл тұрғынына арнап арендалық үйлер салынып, жер телімдері берілді. Ұзындығы 31 шақырым болатын су құбыры желісінің құрылысы жаңа жыл қарсаңында аяқталды.  

Нығымет Исағалиев, су айдау станциясының операторы:

- Мұнда 3 оператор болып жұмыс істейміз, ауылға күніне 50 кубтай су жіберіліп жатыр. 5 резервуар құдық бар, солар резервуарға айдайды. Содан тазаланып ауылға кетеді. 50 тоннадай, есептеуіш құралмен қарап отырамыз.   

Ерлан Мақашев, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі:

- Таза су халықтың ойынан шығып жатыр. Судың сапасы 35 метр жерден шығып, 5 ұңғымаға келеді. Оның тек 2 ұңғымасымен жасап жатырмыз, себебі судың көлемі жеткілікті. Тазалығы жоғары. Барлығының да көңілінен шығып жатыр. 

Жыл соңына дейін облыстың тағы 50 елді мекеніне сапалы ауыз су тартылады. «Сол кезде өңірдің орталықтындырылған таза сумен қамтылу көрсеткіші 50 пайызға жетеді», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы