378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Батыс» ӨҚ биылдыққа сарбаздардың алғашқы легін қабылдап жатыр

  • 100
  • UPD: 14:02, 07.05.2019

«Бұл – әскери өмір, үйдегі тәтті ұйқыны енді ұмыт, бозбала, енді сен қатардағы жауынгерсің» деген жарлық, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өзге аймақтардағы секілді еліміздің батыс қақпасын қорғап тұрған «Батыс» өңірлік қолбасшылығы да биылдыққа сарбаздардың алғашқы легін қабылдап жатыр. 

Руслан Жолмұқанов, №41433 ӘБ жас сарбаздар ротасының командирі:

- 130-дай жас сарбаз келіп қалды. Олар Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келіп отыр. Біздің мақсатымыз – оларды бір айдың ішінде жауынгерлік дайындыққа, мемлекеттік-құқықтық дайындыққа үйретіп, 25 мамыр күні әскери антқа дайындау.  

Бұл жас сарбаздар 25 мамыр күні салтанатты түрде әскери ант қабылдайды. Оған дейін бой-сойын түзеп, әскери өмірге икемделіп үлгеруі тиіс жауынгерлердің бірі – қызылордалық Нұрбол Орынтай. Колледж бітіріп, мамандық алған соң әскер қатарына шақырылған.

Нұрбол Орынтай, қатардағы жауынгер:

- Осы жас сарбаздар ротасының сержанттары мен офицерлерінен тәлім-тәрбие алып бойымызға сіңіріп жатырмыз. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік тәжірибесін үйреніп, бойымызға сіңіріп, өзіміздің үйге абыроймен, адал ниетпен жетсек дейміз.

Еліміздің кәсіби әскері білікті сержанттық және офицерлік құраммен қамтылған. Кадет корпусының түлегі Дияс Дәнеғұлов бірден әскери қызметке тартқан. Кәсіби әскери оқу ордасында білім алған азамат қазір өзінің ілім-білімін жас сарбаздарға үйретіп жүр. Диас секілді сержанттар бір жылда бүгінгі жас сарбаздан кәсіби жауынгер дайындап шығарады.

Дияс Дәнеғұлов, жас сарбаздар ротасының бөлімше командирі:

- Осы сәтті пайдалана отырып өзіміздің Отан қорғап жүрген бауырларымызды, маған ілім, тәрбие берген офицер, сержант мырзалар келе жатқан 7 мамыр – Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Атана-анама, туыс-туыс бауырларыма сәлем жолдаймын.

Отан алдындағы борышын өтеу – кез келген азамат үшін қастерлі міндет. Ал мамандық ретінде әскери қызметті таңдау абыройлы іс. Болашақта қол бастайтын сардарлардың  да осы азаматтардың арасынан шығатыны белгілі. Бұлардың орнын бүгінгі қатардағы жауынгерлер басады. Жалпы биыл көктем-күзгі маусымда тек Атырау облысынан 1600-ден астам бозбала әскери міндетін атқаруға аттанады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы