389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде Жеңіс күніне арналған ат бәйгесі өтіп жатыр

  • 640
  • UPD: 14:34, 07.05.2019

Адамзат тарихындағы ең зұлмат ІІ дүниежүзілік соғысқа Арал ауданынан 12 мыңдай адам аттанған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соның жартысына туған жер топырағы қайта бұйырмай, майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Жеңіс жалауын желбіреткен, мейірім шуағын мөлдіреткен ержүрек жауынгерлерді ұлықтау мақсатында теңіз төскейіндегі жұрт дәстүрлі түрде ат бәйгесін ұйымдастырып келеді.

Аламанға ауыздығымен алысып, құйрық-жалы шарт түйілген 50 шақты жүрік жылқы қатысып отыр. Қазақ даласын тұяғымен дүбірлеткен кешегі Тайбурыл, Құлагер, Байшұбардың бүгінгі ұрпақтары Қызылорда облысы көлемінен бөлек Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан да келіп отыр.

Ат бәйгесі 4 кезеңнен тұрады. Алдымен қамыс құлақ, уыс кекілді тайлар атшабардың 5 шақырымдық жарыс алаңына шықты. Одан соң 10 шақырымдық айналымда құлашын кеңге жайған құнандар көрерменнің делебесін қоздырды. Тоқ бәйгеде жүйріктер 15 шақырымды бағындырады. Тақым қысқан жанкүйер мен үсті-үстіне қамшы салдырған шабандоздардың айызы қанған аламан бәйгеде сәйгүліктер 20 шақырымға көсіле шаппақ.    

Авторы: Қамбар Бекенов

Хабар 24 телеарнасы