378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында 100-ге жуық полиция әулеті тұрады

  • 135
  • UPD: 14:36, 07.05.2019

Олар үшін бүгінгі күн – ерекше мереке.

Мәртебелі мамандықты атадан балаға жалғаған әулеттер көпшілікке үлгі. Солардың бірі – 4 бірдей тәртіп сақшысын тәрбиелеген Кенжехановтар отбасы. Жанұя мүшелерінің жалпы еңбек өтілі жарты ғасырдан асады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ардақты әкенің жолын қуған Нұрабек Кенжехановтің ішкі істер органында қызмет еткеніне 17 жыл болды. Талай қылмыс пен бұзақылықтың жолын кесті. Өмірін қатерге тіккен сәттерінде еске алған ол «Отан қорғау – міндетім» деген жауапкершілікті бойыма сіңірдім», – дейді.

Нұрабек Кенжеханов, криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Әрине, саланың ерекшелігі бар. Болған қылмысты ашу біздің міндетке жатады. Оны ашу кезінде әртүрлі қиындықтар болады. Соның бәрін қазіргі таңда атқарып, қызмет етіп жатырмыз. Еліміз үшін, жеріміз үшін.

Нұрабек – екі бірдей тәртіп сақшысы тәрбиеленген отбасының тұңғышы. Әкесі Ырғызбай Смағұлұлы 34 жыл органда қызмет етіп, құрметті зейнеткерлікке шыққан. Қарапайым учаскелік инспектордан аудандық ішкі істер бөлімі бастығына дейінгі жауапты істерді абыроймен атқарған.

Отағасының өнегесін көрген ұлы мен қызы ер жеткен соң, заңгер мамандығын таңдап, осы салада еңбек етіп жатыр. Бауырының екі ұлы да ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлес қосып келеді. Мерейлі мерекеде 67 жасқа толған әулет иесі қоғамдық тәртіпті сақтау абыройлы іс екенін айтады.

Ырғызбай Кенжеханов, ішкі істер саласының ардагері:

- Кезінде заманауи техника аз болды. Болған қылмыс орындарын, жерлерін қарауда қиындықтар болды. Транспорт жетіспеді. Жаяу жүрдік. Қазіргі полицейлердің жұмысын айтқанда, жақсы, шүкір. Бүкіл техникамен қамтамасыз етілген.

Тәжірибесі мол Ырғызбай ағай әлі де көппен бірге. Облыстық Полиция департаментіндегі ардагерлер кеңесінің мүшесі. Бұл кеңесте 2500 адам бар. Олар жас әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп отырады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы