378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда жансақтау бөлімінде жатқан Кәрім елордадағы нейрохирургиялық орталыққа ауыстырылады

  • 157
  • UPD: 17:56, 07.05.2019

Павлодардағы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан кішкентай Кәрім араға бір жыл салып республикалық нейрохирургиялық орталыққа ауыстырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы жергілікті денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Дәрігерлер өзара ақылдаса келе осындай шешім қабылдапты. Олар «операцияның қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылған, білікті мамандар құрамы толық жасақталған кәсіби клиникада жасалғаны жөн», – дейді. Санитарлық авиация сәбиді алдағы мерекелер өткеннен кейін Нұр-Сұлтан қаласына жеткізеді. Біз бұған дейін Кәрім Тәңірбергеновтың 450 тәулік бойы ес-түссіз  жатқаны жайында айтқан болатынбыз. Баланың ата-анасы: «Сәбиіміз жекеменшік мануалды терапевтің қабылдауынан кейін осындай жағдайға душар болды», – деп отыр. Ол өздігінен демала алмайды. Отандық дәрігерлер мұндай жағдайға алғаш рет тап болған. Кәрімовтер отбасына Қорған қаласындағы Илизаров орталығының мамандары көмектерін ұсыныпты.   

Сәуле Арыстанова, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбсары:

- Біз баланы әуе көлігімен жібереміз. Жанында балалар реаниматологы болады. Қорған қаласына тоқталар болсақ, бірнеше мәрте сөйлестік. Олармен үнемі байланыстамыз. Емдеу тактикасына келісіп отыр. Ал баланы емдеген дәрігерге қатысты тергеу жүріп жатыр. Біз денсаулық сақтау басқармасы Қоғамдық денсаулық департаментіне көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен лицензиясының дұрыстығын анықтау мақсатында хат жолдадық.

Хабар 24 телеарнасы