389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмолалық өрт сөндірушілер жыл басынан 16 адамды тілсіз жаудан құтқарған

  • 526
  • UPD: 22:14, 07.05.2019

Ақмола облысында өрт дерегі азаяр емес.

Тілсіз жау әсіресе, тұрғын үй алабында жиі болып тұрады. Мәселен, жыл басынан бері аймақта 300-ге жуық өрт тіркелсе, олардың 200-ден астамы жеке тұрғын үйлер мен пәтерлерде болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал баспаналардағы оқыс оқиға құтқарушыларға да оңай соқпайды. Тұрғындарды да аман алып қалу қажет, үйдің де толық өртеніп кетпеуіне жол бермеу керек.

Мұндай дабылға өрт сөндірушілердің еті үйреніп кеткен деп ойлаймыз. Алайда олай емес екен. Олар да бұл дыбысты естісе, селк ете қалады. Себебі алда қандай апаттың күтіп тұрғаны белгісіз. Ал оқиға орнына 10 адамнан құралған кезекші бригада аттанады. Тілсіз жаумен арпалысуда 9 жылдық тәжірибесі бар 34 жасар Асан Есжанов – қазір аға өрт сөндіруші. Яғни ол үнемі алдыңғы шепте жүреді, жалындаған отпен бетпе бет кездеседі.

Асан Есжанов, аға сөндіруші:

– Өртте шұғыл әрекет ету оңай емес. Түрлі оқиғалар болады. Адамдар туғандарынан айрылып жатады. Өзіңе де қауіп төніп тұрады. Қолымыздан келгенше әрекет етеміз.

Өз бастарын үнемі қатерге тігетін құтқарушылар кезекті шақыртуға бет алды. Қоңырау шалған адамның сөзіне қарағанда, қала сыртындағы саяжай аумағы жанып жатыр екен. Оқиға орнына 7 минутта жеткен өрт сөндірушілер дереу іске кірісіп кетті. Абырой болғанда, адамдар зардап шекпеген.

Дамир Берікұлы, тілші:

– Өрт сөндірушілердің жұмысы оңай емес екеніне өзіміз де куә болдық. Мына жерде төрт бірдей саяжай жер телімі зардап шеккен. Бірақ олардағы үйшіктерге, үйлерге ешқандай өрт бара қоймаған. Айналасы 5-6 минуттың ішінде өрт сөндірушілер жалынның бетін қайтарды.

Асан Есжанов, аға сөндіруші:

– Үйлердің қасында саяжай өрттері анағұрлым жеңіл. Өздеріңіз көрдіңіздер, шұғыл арада әрекет етіп, өртті сөндірдік. Ең бастысы, кісі тұрмаған соң бұл жерде өрт сөндіру анағұрлым жеңіл. Тұрғын үйі бар өрттерде адамдарды құтқару керек.

Жалпы бүгінде Ақмола облысында 1300-ден астам өрт сөндіруші қызмет етеді. Ал олар жыл басынан бері 300-ге жуық қызыл жалынды ауыздықтап, 16 адамды тілсіз жаудан құтқарып қалған. Сондықтан оларға халықтың да алғысы шексіз.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы