379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда тыныштық күзетінің қаһармандары марапатталды 

  • 130
  • UPD: 22:06, 07.05.2019

Отан қорғаушы күніне орай Атырауда мемориалды ескерткіш тақта ашылып, құқық қорғау саласының үздік қызметкерлері марапатталды.

Бұл күні марқұм Шалқар Ақымғалиевтің отбасына Президент жарлығымен берілген III дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Жас сақшы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан болатын.

Президент жарлығымен берілген ІІІ-дәрежелі «Айбын» орденін бүгін облыс басшылығы, Мәжіліс депутаттары, полиция департаменті мен өзге де құқық қорғау органдарының басшылары салтанатты түрде Шалқар Ақымғалиевтің анасына табыс етті.

Шалқар Ақымғалиев 21 наурыз күні суға кеткен әйелді құтқару кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Бар болғаны 25 жастағы азаматтың болашаққа деген жоспары көп еді. Әріптестері арасында беделді, міндетіне адал азамат біреудің өмірі үшін өзін ажалға қиды.

Ләззат Мұқанова, Шалқар Ақымғалиевтің анасы:

– Әскерден келгеннен кейінгі өзінің арманы осы болатын. Әрқашан «досыңа адал бол, абыройыңа адал бол, берік бол, аманатқа қиянат жасама, қай жерде жүрсең де тек адалдығыңмен жүр» дейтінмін.

Бүгін сондай-ақ Тәуелсзідік жылдары кезңінде қызмет бабыында қаза болған тәртіп сақшыларына арналған мемориалды ескерткіш тақта ашылды. Бұлардың барлығы да – қылмыспен күресте, азаматтардың өмірін қорғау жолында жанын қиған азаматтар.

Үмбет Сыдықов, облыстық ПД кадр саясаты басқармасы басшысының орынбасары:

– Өкінішке орай бейбіт өмірге қарамастан, әріптестеріміз қызмет бабында қаза тауып жатады. Біз қызметкерлерімізді ұмытпаймыз. Еліміз тыныш болсын, әрқашан бейбітшілік заман болсын.

Шалқармен бірге суға кеткен әйелді құтқарған Рүстембек Сүндетов те Президент Жарлығымен ІІ-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ бүгін мерекеге орай тағы отыз шақты полиция қызметкеріне мемлекеттік наградалар мен алғыс хаттар табыс етілді. Ал жалпы Атырау полициясы тарихында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, азаматтардың өмірін қорғауға атсалысқан 6 полицей «Ерлігі үшін» медалімен, 4 қызметкер «Айбын» орденімен марапатталған.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы