378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тараздықтар лаңкесті тоқтатпақ болып оққа ұшқан Ғазиз Байтасовты еске алды

  • 80
  • UPD: 22:11, 07.05.2019

Осыдан сегіз жыл бұрын қарашада болған қанды оқиға Жамбыл жұртшылығын ғана емес, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген еді.

Тараз көшелерінде бейбіт елдің тыныштығын бұзған лаңкестің ойранын тоқтатам деп оққа ұшқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовты халқы әлі ұмтықан жоқ, ұмытпақ емес.

Жамбыл жұрты мұндай батырларын жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған.

2011 жылы өзін жихад жауынгерімін деп жолдан тайған жас жігіт 7 бірдей адамның қанын мойнына жүктеген болатын. Бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде қаланы аяғынан тік тұрғызған қанды қол қарақшының жолын кесеміз деп жергілікті полиция қызметкерлері Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсейітов жан тәсілім еткен. Бүгінде өңірдегі оқушылар полиция департаментіндегі музейге апта сайын экскурсияға келеді. Халық қаһарманы Ғ.Байтасовтың ерлігімен танысып, қапияда қаза тапқандарды еске алады.

Шайзат Әліпбаев – Ғазиз батырдың бала кезден бірге өскен досы, 7 жылдай қызметтес болған әріптесі. Ұлтқа үлгі болған қаһарманның ерен ерлігін өскелең ұрпаққа үлгі етіп айтудан жалыққан емес. Жалықпайды да, өйткені көзден кетсе де, көңілде қалып, халық жадында мәңгі сақталса дейді.

Шайзат Әліпбаев, жол патрульдік полиция батальонының полиция майоры:

– Ол ерінбейтін, өзі ерте келетін, жұмыс жеті жарымда басталса, ол 7-де келетін. Балалардың барлығының жағдайларын сұрап, олардың әрқайсысының не істеп жатқанын отбасылық жағдайына дейін сұрастырып, өзіне тиесілі жұмысты талап ететін.

Халық қаһарманы Ғ.Байтасовтың артында жары мен екі баласы қалды. Бүгінде кіші ұлы Әділжан 5-сыныпта білім алады. Ал үлкені әке жолын жалғастырып, жоғары оқу орнының заң факультетінде оқиды.

Арманжан Әбдібеков, Ғ.Байтасовтың ұлы:

– Болашақта әкемнің жолын жалғастырып, ішкі істер органдарында қызмет істеп, халықтың игілігі үшін әкем сияқты қызмет етуге дайынмын.

Ел тыныштығы үшін жанын қиғандардың ерлігі еш ұмытылмауы тиіс. Қызмет бабы кезінде қаза таптқан Ғ.Байтасовқа «Халық қаһарманы» атағы, екі бірдей жол сақшысына «Айбын» ордені берілді. Байзақ ауданындағы туған ауылы Түймекенттегі мектеп пен шахардағы көше батырдың есімімен аталған. Ал Тараздағы Полиция департаментінің жанына Ғ.Байтасовтың мүсіні қойылып, музейден бұрыш ашылған. Сондай-ақ жыл сайын спорттық турнир өткізіледі. Бұл игі шаралардың барлығы антына адал болған полицейдің даңқын дәріптеп, ерлігін ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі етудің бір айғағы.

Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бахытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы