384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда соғыс ардагерлері баспаналы болды

  • 1101
  • UPD: 22:53, 07.05.2019

Павлодарда Ұлы Отан соғысының ардагерлері қоныс тойын тойлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде 3 майдангер мемлекеттен осы күнге дейін пәтер алмапты. Баспана кезегінде тұрғандары жөнінде тіс жармаған.

Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақауов соғыс ардагерлерінің әлеуметтік жағдайымен танысуға барғанда білген. Тез арада шешім қабылдаған аймақ басшысы Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангерлерге пәтер кілттерін табыс етті.

Он жеті жасында соғысқа аттанған Құдайберген ата Қапсалямов жауынгерлік жолын 1943 жылы Забайкалье әскери округінен бастаған. Ол 34-жеке танкілерді жою дивизиясында болды. Беларусь майданына қатысты. Варшаваны азат етіп, Берлинді алуға атсалысты. Туған елге жеңіспен оралған майдангер ұзақ жылдар құқық қорғау саласында еңбек етті. Осы уақытқа дейін Ақсу қаласында тұрып келген қарияға облыс орталығынан пәтер берілді.

Жасы тоқсаннан асқанда баспаналы болып жатқан қариялардың бірі – Вячеслав Чернышев. Ол Беларусь фронтының 76-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында шайқасқан. Ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында қызмет атқарған қария әлі тың.

Су жаңа пәтердің табалдырығын аттай сала қариялар жоспар құруға кірісіп кетті. Жергілікті билік жаңа үйден берілген баспананы ардагерлердің өздеріне таңдатыпты.

Жуық арада бұл үйдің ауласында мектеп құрылысы басталады. Мұны естіген Вячеслав Чернышевтың қуанышы еселене түсті. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер балалардың шуын сағынған.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

– Ардагерлердің көңіл күйі жақсы. Барлығы 9 мамырда парадқа келеміз деп жатыр.

Қазір облыста небәрі 72 Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Ертіс өңірінен соғысқа 46 мың адам аттаныпты. Әрбір үшінші шаңырақ қара жамылған. Өйткені 23 мың боздақ майдан даласынан қайтып оралмаған. Он мыңдай азамат хабар-ошарсыз кетіпті.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы