378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғасыр жобасы Аралдың жағасында теңіз толқынын тулата ма?

  • 80
  • UPD: 13:01, 08.05.2019

Ғасырдың ғаламат жобасына баланған САРАТС-тың жүзеге асуымен Арал теңізі қайта оралды.

Кезінде кенезесі кеуіп, 150 шақырымға кетіп қалған су айдыны мен аудан орталығын қазір 17 шақырым жер бөліп тұр. Енді САРАТС-тың 2-фазасы басталуымен теңіз толқыны Арал қаласына жетеді деп жоспарланып отыр. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Тұран ойпатының көгілдір алқасы саналатын Аралды құтқарудың 2-кезеңі қаржыландыру тетіктерін күтіп отыр. Жарты ғасырға жуық, экология­лық апат шеңгеліне түскен орталық Азияның салқын сабатты айдын суын реттеуге 25 млрд теңге қажет.

Ол қаржыға алдымен Қызылорда су торабы жаңғыртылады. Сондай-ақ Қармақшы, Қазалы аудандарымен өтетін Сырдарияның қорғаныс бөгеттері бекітіледі. Қазалыдағы Бірлік ауылы маңынан көпір салу және Жалағаш ауданындағы Қорғанша және Тұрымбет аумағында өзен бөгетін нығайту қажет. Сонымен қатар САРАТС-тың 1-фазасы аясында салынған Көкарал бөгетінің ақаулы тұстарын жөндеу жоспарланып отыр. Аталған жобалардың техникалық негіздемесі мен сметалық құжаттары дайын. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Арал теңізінде су құрамы тұзданып барады. Соны тұщыландыру мақсатында да гидрошаралар қолға алынады. Ол жөнінде сала маманынан сұрап білген едік. 

Қайрат Жансұлтанұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Сырдария өзені Көкарал бөгетінің жанында орналасуына байланысты тұщы су тікелей Көкарал бөгеті арқылы үлкен Аралға кетіп жатыр. Кіші Аралдың Сарышығанақ солтүстік жағында су айналымы болмай, тұздану процесі жүріп жатыр. Сондықтан жаңадан үш арнаны салуды жоспарлап, тиісті техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеп қойдық. Жобаның қаржысы 4,6 млрд теңге.

Қамбар Бекенов, тілші:

- САРАТС 2 жобасы аясында теңізден бөлек көлдер жүйесі де қалыпқа келтіріледі. Қазірдің өзінде аймақтағы 158 көлдің арнасы толды. Нәтижесінде тұз-соры ұшқан жерлер сулы-нулы мекенге айналу үстінде.

Хабар 24 телеарнасы