378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев ШҚО мен Алматы облысының әкімдеріне талап қойды

  • 237
  • UPD: 23:37, 08.05.2019

Талдықорған-Қалбатау-Өскемен тас жолының құрылысы келер жылы аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл жол жаңарса, Алакөл курорттық аймағына баратын саяхатшылар қатары да күрт өседі. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Өр Алтай мен Жетісу жеріне жасаған жұмыс сапарында осы жолды жөндеуге тез арада кірісуді тапсырған.

Табиғаты тылсым Тарбағатай мен жер жәннаты Жетісу Алакөл атты туристік брендімен әйгілі. Жаз бойы адам аяғы арылмайды. Шетелден ат арытып келетіндер де жетерлік. Жергілікті жұрт та осы көл жағасынан нәпақа тауып отыр. Бірақ қолбайлау болған бір мәселе – Талдықорған мен Өскемен арасындағы 800 шақырым жолдың жайы.

Саяхатшылардың Алакөлге қанша аңасары ауғанымен, жолдың жайын көріп теріс айналып кететіндері де аз емес. Осы мәселе әйтеуір біраз іске кедергі болып, елдің адымын аштырмай-ақ тұр. Оның ішінде туризм саласынан бөлек сауда-саттық та бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарына жасаған сапарында көптің көкейіндегі осы мәселені көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр көптеген қазақстандықтар Алакөлде демалуды жөн көрген болатын. Алайда сервистік жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі қолбайлау болды. Атап айтқанда, автожолдардың сапасы қынжылтады. Осыған орай Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдеріне қойылар талап: қысқа мерзімде жолдарды жөндеп, сервистің деңгейін көтеру қажет.

Осыдан кейін жол құрылысы да қарқын алды. Қос өңірде де жұмыс қызған. Өр Алтай аймағы өзіне тиесілі жалпы ұзындығы 454 шақырым жолды жобалау жұмыстарын аяқтауға жақын.

Асылбек Нұғманов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Құрылыс мерзімі, жобалауды қоса есептеген кезде, 54 айға созылады. Яғни 2022 жылға дейін. Жобалау-зерттеу жұмыстары, оған қатысты өзге де шаруалар ретімен атқарылып жатыр. Тек содан кейін ғана толық іске кірісеміз.

Алакөлге жету жетісулықтар үшін де қиямет қайым. Мәселен, Талдықорғаннан шипалы көлге дейінгі 300 шақырым жолды 6 сағатта әрең еңсеруге болады.

Серік Самұратов, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы басшысының орынбасары:

- Алматы-Өскемен жолының 287-шақырымынан 615-шақырымына дейінгі аралықты қайта қалпына келтіру жұмыстары толық 2021 жылы аяқталады. Жоба құны – 116 млрд теңге.

Бұдан бөлек, Үшарал-Достық бағыты да қайта қалпына келтірілуі тиіс. Ұзындығы 184 шақырым жол тікелей Алакөлге апарады.

Ұлан Әліпов «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Таскескен Семей жағынан. Ол жақта 20-шақырымға дейін жасалған. 0  мен 20-ның арасын «Зайсан» деген жергілікті компания жасап жатыр. Биыл бітіруі керек. Үшарал-Достықта «Қыран» деген компания жасап жатыр. Алакөлге дейінгі бөлімде биыл жүріс береміз.

Арадағы жол ақысыз болады. Жол бойында 21 көпір мен 404 су өткізу құбыры салынады.

Сәтжан Аблалиев, ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:

- Айтылып кеткен жобалар қаржымен жабдықталған. 2020 жылы қозғалыстар ашылып, 21 жылы жол белгілерімен немесе абаттандыру жұмыстары қалатын болады. Негізі жолдар 80-жылдары салынғалы бері жөндеу көрмеген. Оларды тек орташа жөндеумен ұстап тұрдық.

Жол бойындағы қызмет көрсету сапасы да артады. Өйткені осы жол мәселесі шешімін тапса, Алакөлге келетін саяхатшылар саны 2 миллионнан асуы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы