378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 472 отбасы баспаналы болды

  • 115
  • UPD: 23:33, 08.05.2019

Бүгін алматылық 472 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жаңа пәтерге «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қол жеткізді. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырып отырған банк пен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.

Алатау ауданындағы «Саялы» ықшам ауданында бүгін мерекелік көңіл-күй. Кеше ғана бос тұрған аула бала-шағаға толды. Ал үлкендер жағы өз пәтер кілттерін алып, мәре-сәре болып жатыр. Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі – Жекебековтар отбасы.

Қуаныш Жекебеков, қала тұрғыны:

- Осы күнге дейін біз қызметтік пәтерде тұрып келгенбіз. Енді, міне, өзіміздің жеке баспанамызға қолымыз жетіп отыр. Мемлекетімізде осындай бағдарламалардың жұмыс істеп жатқаны өте қуанышты. Мінеки, басқа да біз сияқты жастарға әрі қарай да осындай пәтерлерге жетуіне  тілектеспіз.

Жас отбасы 6 млн 400 мың теңге тұратын бір бөлмелі пәтерге ие болды. Олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне пәтер құнының 20 пайызын, яғни 1 млн 300 мың теңге жинап, бір шаршы метрі 159 мың теңгеге бағаланған пәтер алып отыр. Ипотекалық несиені 13 жылға рәсімдеп, енді ай сайын 48 мың теңге төлеп отырады.  

Жанар Жұбаниязова, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары:

- Қазақстан бойынша қарайтын болсақ, бүгінде осы жылы 3152 пәтер таратылды. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасының шарасы, 20 пайыз жинаған салымшы 5 пайызбен «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы несиеге ие бола алады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін Алматыда тағы 1000 пәтерді пайдалануға береміз. Ал еліміз бойынша 14220 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады», – дейді банк өкілдері. 

Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы