379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісуда көп балалы отбасыларға үй берілді

  • 123
  • UPD: 23:33, 08.05.2019

Жеңіс күні қарсаңында Алматы облысының Панфилов ауданында 40 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жалдамалы тұрғын үйдің 26-сы көп балалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға үлестірілді.

Жұпар Үмбетованың бұл көптен күткен қуанышты сәті. Алтын алқа иегері үйемелі-сүйемелі бала шағасымен 10 жылдай жалдамалы пәтерде көшіп қонып, тұрақсыздықтың азабын тартып келген. Енді, міне, сол қиындықтың барлығы артта қалды. 70 шаршы метрлік үйде қысылмай-қымтырылмай қонақтарын емін-еркін күтеді. Шаттыққа кенелген отбасының шаңырағына алғашқылардың бірі болып ақ жаулықты аналар келіп батасын берді.  

Көп балалы отбасының отағасы – әскери сала қызметкері. Ол қырықтың қырқасына шыққанда алғаш рет өз шаңырағының түтінін түтетті.

Баймұхамбет Әутәліпов, Жаркент қаласының тұрғыны:

- Жақсы күнде пәтер алып қуанып жатырмыз. Барлықтарыңызға рақмет.

Жұпар Үмбетова, Алтын алқа иегері: 

- Өз үйім – өлең төсегім, осыған Аллаға шүкірлік етемін. 10 жылдан артық тостым. Арманым орындалып, қобалжып тұрмын. Алғысым шексіз, бұл да балалардың бақыты шығар, балаларымның несібесі, балаларым аман болсын.

Ауданда 1600-ден аса көп балалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оларды баспанамен қамтамасыз етуге жеке кәсіпкерлер де жұмылдырылып отыр. 

Темірлан Бектасов, Панфилов ауданының әкімі:

- Алдымызда көп жұмыс жасалады. Облыс бюджетінен 10 үй сатып алуға ақша бөлінді. Сол үйлерді сатып береміз. Одан өзге меценаттар көп. Меценаттармен 10 үй сатып берілсе, жылдың аяғына дейін тағы  10 салып береміз.

Атымтай жомарттардың көмегімен Тұрдықожа Жәнелханның жанұясы да баспаналы болды. Қытайдан 2014 жылы келген олар өз ауласына жылыжай салып, кәсібін дөңгелете бастады.     

Бәтима Қиса, Панфилов ауданының тұрғыны: 

- Көмек болмаса, мұндай үй сала алмас едік. Манатбек ағаға рақмет. Одан ары қарай жылыжай салып келе жатырмыз.

Тұрғындарды баспанамен қамту бойынша Жаркент қаласында арнайы жоспар жасалған. Соған сәйкес көп қабатты үйлердің дені шаһардың оңтүстік-шығысында бой көтермек. 

Екі жылдан кейін Жаркенттің оңтүстік-шығыс бөлігі халық тығыз қоныстанған аймаққа айналады. Өйткені бүгінгі 26 үйден бөлек, жақын күндері тағы 14 үй ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар 120 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй салынады, кезекте тұрғандарға 100-ден астам жер телімі үлестіріледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы