388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында екінші дүниежүзілік соғыстың 91 көзі тірі куәгері қалды

  • 612
Алматы облысында екінші дүниежүзілік соғыстың 91 көзі тірі куәгері қалды

Алматы облысындағы 91 ардагердің екеуі Райымбек ауданында тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрғали Жансерікұлы – неміс әскерінің алғашқы шабуылын көрген қарт майдангер. Басқыншылар Кеңес жеріне баса көктеп кіргенде, ол Брест қамалында әскери борышын өтеп жүріпті. Жас жауынгер қатарластарының ішінде сол кездің мықты қаруын бес саусағындай білгендердің бірі болған.

Ардагер сұрапыл соғыс басталып, біткенге дейін кеңес әскері сапында жауға қарсы соғысқан. Екі рет ауыр жараланып, жазылғаннан соң қатарға қайта қосылыпты. Беларусь, Украинадағы майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін «Отан соғысы» және «Даңқ» ордендерімен марапатталған. Бүгінде 102 жасқа келіп, бала шағасының ыстық ықыласына бөленіп отырған қария Жеңіс күнін Белград қаласында қарсы алған.

Бақытжан Жансеріков, ардагердің ұлы:

– Ол кісілерге Жеңіс сөзі жазылған қағаз таратылады. Әкем 1945 жылы қыркүйек айында ауылға оралады.

Аудандағы тағы бір соғыс ардагері – Тұрған Оласанов. Қария қайраты қайтса да орден-медаль толы костюмін өзі киеді. Тоқсан тоғызыншы көктемін қарсы алған қарт жауынгер әскер қатарына 1939 жылы шақыртылыпты. Соғыс басталысымен Алматыда жасақталған 100-атқыштар бригадасы құрамында Мәскеу қаласы мен Беларусь, Литва мемлекеттерін жаудан азат етуге қатысқан. 

Госпитальда емделгеннен кейін ардагер әскер сапына қайта қабылданған. 27 бригаданың артиллерисі ретінде Литваға дейін барыпты. Жеңіс тойын сол жерде тойлады. Сұрапыл соғыстағы ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Қан майданды көрген қария бүгінгі бейбітшіліктің бағасын біледі. Сондықтан ел тыныштығын, көз жастың төгілмеуін тілеп отырады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы